Accessibility links

Жаңа уақыттың жұртқа әсерін зерттеуге 54 млн теңге жұмсалмақ


Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласы. 9 желтоқсан, 2024 жыл.
Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласы. 9 желтоқсан, 2024 жыл.

Қазақстанның ғылым және жоғары білім министрлігі елдегі бірыңғай уақыт белдеуінің жұртқа әсерін зерттеуге 54 млн теңге (шамамен 105 мың АҚШ доллары) жұмсамақ. Конкурс құжатында осындай қаржы көрсетілген.

Зерттеудің мақсаты – бірыңғай уақыт белдеуіне көшу Қазақстан халқының психикалық және физикалық денсаулығына қалай әсер еткенін бағалау және жағымсыз салдары анықталса, оны азайту бойынша ғылымға негізделген ұсыныс дайындау.

Зерттеу бойынша жаңа уақыт белдеуінің денсаулыққа әсері бар-жоғына қатысты нақты деректер көрсетілуге тиіс.

Ол үшін ғылыми басылымдарда, журналдарда мақала, шолу, ал шетелдік немесе Қазақстандағы баспадан монография немесе нұсқаулық шығуы қажет.

Зерттеудің аяғында жаңа уақыттың денсаулыққа әсері бойынша деректерді талдап, ғылымға негізделген қорытындыны мемлекеттік органдарға ұсыну керек.

Конкурс құжатында зерттеу жүргізу уақыты 2025 жыл деп көрсетілген. Оның шекті сомасы – 54 млн теңге. Ғылыми зерттеу жүргізуге байқау 26 желтоқсанда басталып, 2025 жылғы 25 қаңтарға дейін жалғасады.

Бұған дейін Қазақстан үкіметі бірыңғай уақыт белдеуінің халыққа әсерін зерттемек болып, оған үш жыл кетеді деп жоспарланған еді. Кейін биліктегі "Аманат" партиясы мұндай зерттеуді 2025 жылғы наурызға дейін аяқтауға үндеді. Мәжіліс спикері, партия төрағасы Ерлан Қошанов үш жылды тым ұзақ мерзім деп айтқан.

2024 жылғы 1 наурызға дейін Қазақстанда екі сағат белдеуі болды. Оны өзгертуді ұсынған шенеуніктер бұрынғы уақыт адамның биологиялық ритмін бұзады деген уәж айтты. Олар бірыңғай уақыт белдеуінің тағы бір пайдасы: бүкіл ел аумағында бизнес процестерді реттеуге және көлікпен тасу қызметін жеңілдетуге септеседі деді.

19 желтоқсанда премьер-министр Олжас Бектенов бірыңғай уақыт белдеуіне өту туралы шешім "Қазақстанда ғана емес, шетелде де жүргізілген терең ғылыми зерттеулерге сүйеніп қабылданды" деді.

Қазақстанда елдің шығыс бөлігі батыстың уақытымен бір сағат артқа жылжыған соң, күн қысқарып, қараңғы ерте түсетін болды.

Қарашада ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек "уақыт белдеуін зерттеуге түскен өтініште үш жылдық бюджетке 160 миллион теңге сұрады, бірақ іс жүзінде шамамен 90-100 миллион болады деп ойлаймын" деген еді.

Министрлік уақыт белдеуіне байланысты eGov-та сауалнама да өткізген, оның қорытындысын зерттеу аяқталғанда жариялайды.

Уақыт белдеуі ауысқалы Қазақстанда бұл шешімге қарсылық жиі болып тұрады. Уақытты бұрынғы қалпына келтіруді талап еткен петиция да жарияланып, оған мыңдаған адам қол қойған. Бірақ петицияны қараған құзырлы органдар белсенділер ұсынысын негізсіз деп тапқан.

Бірыңғай уақыт белдеуі мен жарықтандыру мәселесі “адам өміріне қауіп төндіре бастады”
please wait

No media source currently available

0:00 0:07:24 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG