Accessibility links

Жыл қорытындысы: 2025 жылы әлем қалай өзгереді?


Былтыр Азаттық хабар тарататын өңірлердегі 10 тілшімізден болашаққа көз жүгіртіп, келер жылдың қалай болатынын болжап көруді сұраған едік. Қиын тапсырмаға қуана келіскен әріптестеріміз биыл да 2024 жылды қорытындылап, 2025 жылы әлемді не күтетінін топшылап көрді.

Азаттық хабар тарататын өңірлердегі тілшілеріміздің болжамында төмендегі мәселелер жиі қайталанады:

  • Украинадағы соғыс ғаламдық кикілжіңге айналып, Батыс елдеріне ғаламдық тәртіпті өзгерткісі келетін мемлекеттер тобына қарсы тұруға тура келді.
  • Бүкіл әлемде популистік қозғалыстар мен авторитар басшылар күшейіп, демократия мен демократиялық инстиуттарға қысым көрсете бастады.
  • Көп нәрсе Дональд Трампқа байланысты болады. Жақында сайланған президенттің 2025 жылы қаңтарда Ақүйге оралуы трансатлантикалық саудадан бастап Балқан елдерінің саясатына дейінгі халықаралық динамиканы өзгертеді.

Осы және өзге де болжамдарымызды ұсынамыз.

Украина: Путин соғысының аяқталуы

Виталий Портников

Виталий Портников
Виталий Портников

2023 жылдың соңында 2024 жылы Украинада тараптардың бірі әскери жеңіске жеткен күннің өзінде, бұл – саяси шешімді жақындатпайды деген едім.

Бұл пікір сол кезде де, қазір де орынды. Өйткені Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаға шабуылы – үлкен мәселенің бір бөлігі, Совет империясын қайта құрмаса да, оның ықпал ету аймағын қалпына келтіруге талпыныс.

Украинадағы соғыстың соңын жақындататын нәрсе – Ақүйдегі өзгеріс. АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей мен Украинаны бейбіт келісімге көндіруге дайын екенін білдірді.

Бірақ бұған Трамптың ниеті мен табандылығының болуы ғана жеткілікті ме, мәселе cонда. Өйткені өзгеріс үшін АҚШ президентінің соғысты аяқтау ниеті ғана емес, Киев пен Мәскеудің оқ атуды тоқтатуға келіскені де керек.

Ресей шабуылды жалғастырып, Украинаның энергетикалық инфрақұрылымдарын аяусыз соққылап жатқанына қарамастан, Путин соғысты тоқтатуға келіссе, бұған екі маңызды фактор әсер етеді.

Біріншіден, Ресей президенті өз елінің экономикасы ұзақ соғысқа шыдас бермейтінін түсінеді. Екіншіден, Путин Украинаға әскери қысым жасауды қойып, саяси ықпал мен дестабилизация әдісіне көшеді.

Мұндай бейбітшілік кезінде Украинаның болашағы Батыстағы серіктестері берген қауіпсіздік кепілдемесіне және украин қоғамының Ресейдің елдегі жағдайды тұрақсыздандыруға талпынысына (әсіресе, алдағы президент сайлауы кезіндегі жалған ақпараттар легі) қалай төтеп беретініне байланысты болады.

Путин соғысты жалғастыруға ресурсым жетеді деп шешсе, кикілжің 2025 жылы, тіпті, одан да ұзақ уақытқа созылуы мүмкін.

Иран: Келер жыл қиын болады

Ханна Кавиани

Ханна Кавиани
Ханна Кавиани

Мамырда Иран президенті Ибрахим Раиси тікұшақ апатынан қаза тапқаннан кейін оның орнына cалмақты саясаткер Масуд Пезешкиан келді.

Кей ирандықтар Пезешкианның билікке келуін дінбасылардың қатаң саясаты жұмсаруы мүмкін деген белгі деп түсінді. Бірақ 2024 жылдың соңына қарай Пезешкианның халықтың өміріндегі шектеулер азаяды деген уәдесі әлі орындалған жоқ.

Пезешкиан валютаның құнсыздануы, экологиялық дағдарыс, халықтың қартаюы, білікті мамандардың шетелге кетуі сияқты көп мәселеге тап болып отыр. Бюджет тапшылығын жабу үшін жанармай бағасын көтерсе, 2019 жылы болған, жүздеген адам қаза тапқан көтеріліс қайта өршуі мүмкін.

Иранның халықаралық деңгейдегі жағдайы одан әрі қиындауы ықтимал. Тегеранның одақтастары – Ливандағы "Хезболла", Газадағы "Хамас" пен тақтан тайдырылған Сирия билігі 2024 жылы біраз сәтсіздікке ұшырады. Израиль Иранға шабуыл жасады, Тегеран билігі көптен бері бірінші рет қарсыласын тоқтату үшін ядролық қару қолдану ықтималдығын талқылай бастады.

Иранның Халықаралық атом энергиясы агенттігімен қарым-қатынасы да қыл үстінде тұр. 2024 жылы еуропалық державалар Иранды екі рет айыптады. Батыс елдерінің қауіп-қатер жайлы уайымы сейілмесе, 2025 жылы көктемде Иранға қарсы БҰҰ санкцияларын қайта салу процесі басталуы мүмкін.

2025 жылы қаңтарда Дональд Трамптың Ақүйге оралуымен Иранға қысым күшейеді. Трамп осыған дейінгі президенттігі кезінде Иранмен ядролық келісімнен шығып, Тегеранның ядролық мүддесі мен өңірдегі ықпалын тоқтату үшін қатаң экономикалық санкциялар салуды қолдаған.

Украин сапері Донецк облысындағы ұрыс алаңында.
Украин сапері Донецк облысындағы ұрыс алаңында.

Венгрия: Питер Магьярдің көтерілуі

Пабло Горонди

Пабло Горонди
Пабло Горонди

Питер Магьярдің тез көтеріліп кететінін бірде-бір сарапшы болжай алған жоқ. Бір жыл бұрын ғана Магьяр оңшыл премьер-министр Виктор Орбанның жақтасы еді. Қазір Венгрия оппозициясының қарқынды өсіп келе жатқан, танымал көшбасшысы.

Магьярдің "Тиса" партиясы маусымда өткен Еуропа парламентіне сайлауда Венгрияға бөлінген 21 орынның үштен бірін иеленіп, жергілікті сауалнамаларда жақсы нәтиже көрсетіп, саяси сахнаны дүр сілкіндірді.

Магьярдің аяқасты танымал болуы "Фидес" билеуші партиясына қиындық тудырды. Партия Орбан басқарған жылдары демократиядан алыстап, авторитаризмге бой ұрғаны үшін сынға қалған. "Тиса" [қарсыластарына] ақпарат құралдарында шабуыл жасап, кезектен тыс сайлау өткізуге дайындалып жатыр деп те айтылған.

Венгрия басшысы ретінде қызметі көп сынға қалған Орбан Магьярдің партиясына өзінің салтанатты сәтінің шырқын бұзуға мүмкіндік бермеді. Жылдың екінші жартысында Венгрия Еуропа кеңесіне төрағалық етті.

Орбан төрағалықты салтанатпен, бірақ қайшылыққа толы мәнерде бастады: шілденің басында ол Киевке, Мәскеуге, Пекинге және Мар-а-Лагоға барып, бұл сапарларын Украинадағы соғысты тоқтатудың амалы деп түсіндірді. Еуропаның өкілетті тұлғалары Орбанның қадамын сынға алды.

Трампты 2016 жылдан бері қолдаған Орбан желтоқсанда жаңа сайланған президенттің Флоридадағы резиденциясына барды. Еуропа басшылары Орбанның бұл сапарларын да жақтырмады.

Еуроодақ: "Еуропа қамалындағы" популизм

Рикард Йозвак

Рикард Йозвак
Рикард Йозвак

"Еуропа қамалы" идеясы 2024 жылы танымал болды. Өйткені Еуроодаққа мүше елдер миграция мәселесіне бұрынғыдан да қатаң қарап, оның шешімін үшінші елдерге тапсырудың жолын іздеп жатыр. Мәселен, Италия Албанияда мигранттар дерегін өңдеу орталығын ашты.

2024 жылы жергілікті саяси додалар мен Еуропа парламентіне сайлауда оңшыл, популист партиялар көбірек жеңіске жеткенімен, бұл өзгерістер орталыққа қатты әсер ете қойған жоқ: Еуропа комиссиясының төрағасы Урсула фон дер Ляйен екінші мерзімге сайланды.

2025 жылы да осыған ұқсас өтеді. Еуроодақ елдерінің саясатын популист партиялар жүргізеді. Чехия республикасының популист миллиардері, бұрынғы премьер-министр Андрей Бабиш күзде билікке оралып, Венгрияның премьер-министрі Виктор Орбан және Словакияның премьер-министрі Роберт Фицомен бірге еуроскептикалық одақ құруы мүмкін.

Францияда популист оңшылдар мен солшылдар жаздағы парламент сайлауында жақсы нәтиже көрсете алмаған президент Эммануэль Макронның өмірін қиындатуды жалғастырмақ. Жаңа сайлау 2025 жылы жазда өтуі мүмкін. Әсіре оңшылдар немесе әсіре солшылдар басым дауысқа ие болып, Макрон бұрынғыдан да қатты жеңілуі мүмкін деген болжам бар.

2025 жылы ақпанда Германияда да парламент сайлауы өтеді.

Әсіре оңшыл "Германияның балама жолы" партиясы өзінің үздік нәтижесіге қол жеткізуі (шамамен 20 пайыз дауыс) мүмкін. Бірақ солшыл-центристік социал-демократтар мен оңшыл-центристік христиан-демократтар үлкен коалиция құрады, кейінгісінің жетекшісі Фридрих Мерц канцлер атанады деген болжам бар.

Алдағы жылы қатардағы еуропалықтар сияқты Еуропаның саясатын қалыптастыруға Дональд Трамп та араласады. АҚШ-тың жаңа сайланған президенті маусымда Нидерландыда өтетін НАТО саммитінде еуропалық одақтастарын қорғаныс саласына көбірек қаржы бөлуге үгіттейді.

Брюссель Трамптың маңызды серіктесі, технологиялық магнат Илон Маск пен оның Х платформасына Еуроодақтағы әлеуметтік желі ережесін бұзғаны үшін миллиард еуро көлемінде айыппұл салса, трансатлантикалық сауда текетіресі басталып кетуі ғажап емес.

Беларусь: Лукашенко шеттеп қалудан қорқады

Валер Карбалевич

Валер Карбалевич
Валер Карбалевич

2024 жылы Александр Лукашенконың авторитар режимі тоталитарлық мемлекетке айналу жолын жалғастырды. Демократиялық сайлауға сырты ғана ұқсайтын қос сайлау науқанына байланысты саяси қуғын-сүргін күшейді.

Жыл басында қуыршақ парламент пен жергілікті кеңестерге сайлау өтті. Жыл соңында 2025 жылы қаңтарда аяқталатын президент сайлауының науқаны басталды.

Беларусь пен Ресей одағы нығайып, тереңдей түсті. Әсіресе, әскери салада Лукашенко Ресейдің заманауи қару-жарағын сатып алып, Беларусьтің стратегиялық позициясын күшейтуге тырысып жатыр. Оқиғаның шырқау шегі – желтоқсанда айтылған 2025 жылдың екінші жартысында Беларусьте ресейлік "Орешник" зымыран жүйесін орнату жайлы шешім болды.

2025 жылы Лукашенко режимі Украинадағы бейбіт келіссөздерге байланысты жаңа геосаяси шынайылыққа бейімделуге тырысады. Минск келіссөздер нәтижесінде Шығыс және Орталық Еуропаның жаңа қауіпсіздік құрылымын талқылау кезінде Беларусьтің мүддесі назардан тыс қалады деп қауіптенеді.

Осы себептен президент сайлауын 6 айға ерте өткізіп жатыр. Мақсаты – легитимдігін жаңартып, келіссөздерге қатысуға мүмкіндік алу.

Бірақ Украинадағы кикілжің сол күйі шешілмесе, Беларусь те ұзақ жылға тұралап қалады. Лукашенко режимі күшейіп, Беларусьтегі экономикадан мәдениетке дейінгі өмірдің барлық саласы құлдырай береді.

Сербия: Вучич әлемі

Милош Теодорович

Милош Теодорович
Милош Теодорович

Косово мен Сербияның қарым-қатынасы 2011 жылы Еуроодақтың арағайындығымен басталған келіссөздерден бері ең нашар деңгейге жетті. Қос мемлекеттің қарым-қатынасын реттеуге талпынысы тығырыққа тірелді. Жағдайдың ушығуына 2022 жылы Косоводағы мемлекеттік мекемелерден сербтерді алып тастау, одан кейінгі жылы Косовоның солтүстігінде болған қақтығыс пен 2023 жылы қыркүйекте Косовоның полиция қызметкерін өлтіру оқиғасы әсер еткен еді.

Косовомен арадағы дағдарысқа қарамастан, Сербия сыртқы саясатта әдеттегі тепе-теңдігін сақтап қалды. Мәселен, Украинаның территориялық тұтастығын қолдағанымен, Ресейге қарсы санкция салмады. Белград Пекинмен қарым-қатынасын да нығайтып алды.

Өңірлік саясатта Вучич – маңызды ойыншылардың бірі. Әсіресе, оның Босния және Герцеговинадағы ықпалы үлкен. Оның Боснияны құрайтын қос құрылымның бірі – Сербтер республикасының (Сербия емес) ресейшіл, популист басшысы Милорад Додикке ықпалы бары белгілі.

Вучич Додикті уысында ұстап отырғандай сыңай танытып, Еуроодақ пен АҚШ-та өзін Балқан экстремистерінің тұрақсыздық туғызатын тенденцияларын жұмсарта алатын күш ретінде көрсетеді. Бірақ оның екіұшты позициясы "Вучич тұрақтылық орната ма, әлде тұрақсыздыққа бастай ма, әлде екеуін де істей ме?" деген сұрақ тудырып отыр.

Сербия Еуроодаққа қосылу жолында Черногориядан артта қалып келе жатыр. Подгорица кейінгі бір жылда жақсы прогресс көрсетті. Еуроодақтың кей дипломаттары тіпті Черногория ұйымға осы онжылдықта қосылып қалуы мүмкін деп топшылады.

Бірақ Балқандағы дипломаттар Ақүйдегі өзгерістерге қарап отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, Вучичтің үміті көп. Ол одақтастарымен бірге Трамптың АҚШ президенті болып қайта сайлануын қуана қабылдап, АҚШ-тың сербтерге қатысты саясаты достық сипат алар деп үміттенеді.

Кавказ: Қарабақтағы келісім тығырыққа тіреліп, Грузия тыншымай тұр

Джошуа Кушера

Джошуа Кучера
Джошуа Кучера

Былтыр Армения мен Әзербайжан арасындағы бейбіт келісімнің төбесі көрінгендей болған. Әзербайжан Таулы Қарабақ өңірін толықтай өз иелігіне қайтарды. Бұл территория қос мемлекет арасындағы көп жылғы дауға себеп болған еді. Тараптар негізгі мәселелер бойынша мәмілеге келсе, келісімге қол қоюға дайын екенін айтқан.

Армения мен Әзербайжан бейбіт келісімді әлі талқылап жатыр. Кейде Әзербайжанға бұл келісімнің мүлде қажеті жоқтай көрінеді.

Қазір Кавказдың назары Грузияға ауды. Қазанда өткен парламент сайлауы шешуші рөлге ие еді, бірақ елде қауіпті дағдарыс басталды.

Оппозиция мен наразылар сайлау нәтижесін заңсыз деп атап, мойындаудан бас тартты. Үкімет Грузияның постсоветтік тарихындағы ең қатаң қуғын-сүргін процесін бастады. 29 желтоқсанда президенттік құзыреті аяқталатын президент Саломе Зурабишвили отставкаға кетуден бас тартып отыр. Бұл үкіметпен қақтығыс қаупін туғызады. Грузияның дәстүрлі серіктестері – АҚШ-пен және еуропалық державалармен қарым-қатынасы нашарлап барады.

Тбилисиде парламент алдына жиналған наразылар.
Тбилисиде парламент алдына жиналған наразылар.

Мақала дайындалып жатқан кезде не үкімет, не оппозиция, не наразылар келісімге келуге құлшыныс білдірмеді. Қазір қандай да бір болжам жасау қиын. Бір нәрсе анық: келер жылы Грузия саясаты қазіргідей болмайды.

Ауғанстан: Әйел құқығы үшін күрес

Малали Башир

Малали Башир
Малали Башир

2024 жыл Ауғанстандағы әйел құқығы үшін тағы бір ауыр жыл болды. Желтоқсанда "Талибан" үкіметі білім беру саласындағы шектеулерді кеңейтіп, жекеменшік мекемелерге әйелдерді акушерлік, медбике ісі және зертханалық ғылым сияқты маңызды мамандықтарға оқытуға тыйым салды.

Соңғы шектеулер кейінгі жылдары қабылданған, ауған қыздарына орта және жоғары білім алуға болмайды деген тыйымдарға негізделген.

"Бұл білім алып, қоғамның дамуына үлес қосқысы келген қыздардың арманын күл-талқан етіп ғана қойған жоқ. Аталған шектеу медициналық көмекке қол жеткізе алмай өлетін әйелдер санын да көбейтеді", – дейді Нью-Йорктегі Human Rights Watch ұйымы әйелдер құқығы бөлімі директорының орынбасары Хизер Барр.

Кейінгі бір жылда бұл шектеулерге қарсы бұрын-соңды болмаған, дүниежүзілік заңды іс-қимылдар байқалды. Ауғанстанның Норвегиядағы бұрынғы елшісі Шукрия Баракзай 2024 жылы Талибанды жауапқа тарту бойынша халықаралық іс-қимылдар жүргенін айтып, 2024 жылғы прогресті атап өтті.

2024 жылы қарашада үлкен серпіліс болды: БҰҰ Бас Ассамблеясының комитеті адамзатқа қарсы жасалған қылмысқа бағытталған тарихтағы бірінші келісім бойынша келіссөздерді мақұлдады. Бұл гендерлік апартеид мәселесін халықаралық құқық бойынша шешуі мүмкін. Ауған әйелдерінің құқығы үшін күресіп жүрген белсенділер үшін бұл – көптен күткен маңызды қадам.

2025 жылға көз жүгіртсе, Баракзай оптимизм белгілерін көреді.

"2025 жыл ауғандар мен ауған әйелдері үшін әділдік жылы болуы мүмкін. Өйткені мемлекеттер Ауғанстанда болып жатқан оқиғаларға қарсы күш біріктіре бастайды", – дейді ол. Барр маңызды өзгерістер үшін тұрақты халықаралық қысым мен насихат керек деп есептейді.

Орталық Азия: Авторитаризм артып келеді

Крис Риклтон

Крис Риклтон
Крис Риклтон

2024 жылы Орталық Азияда Ресейдің қуатының артуына бар жағдай жасалғандай көрінген, солай болды да – бірақ бәрі бірдей Мәскеу ойлағандай болды дей алмаймыз.

Мемлекеттік "Газпром" және "Росатом" энергетикалық компанияларының Өзбекстандағы жылы есте қаларлықтай өтті. Ресей газының экспорты шамамен 3 есе өсті, Мәскеу мен Ташкент шағын атом электр станциясын салу туралы келісімге қол қойды.

2024 жылғы атом энергетикасы бойынша өткен референдумнан кейін Қазақстан да ірі атом электр станциясын салғалы жатыр. Бұған "Росатом" қатыспай қалса, таңғаларлық болар еді.

Дәл сол уақытта Өзбекстан мен Қазақстан Мәскеудің мәртебесі үшін маңызды одақтарға қосылу жайлы қысымға қарсылық білдірді. Өңірде жүріп жатқан орыс тілі мен Ресейдің колониалды мұрасы жайлы таластар Кремльдің жұмсақ күшінің болашағына пайда әкелмейді.

Қытай келер жылы Орталық Азиядағы достарын сөзсіз дипломатиямен және инвестицияларымен жаулап алуды жалғастырады. Әсіресе, өңірдегі дамушы көлік және жаңғыртылатын энергетика секторына инвестиция құяды.

Орталық Азия бұрынғыдан да авторитар бола түседі. Тәжікстан мен Түркіменстанның одан әрі авторитар болуы мүмкін емес сияқты көрінуі мүмкін, бірақ қос мемлекет бұл бағытта біраз күш салады деп күтіліп отыр.

Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанда журналистер мен режимнің сыншылары жаңа шектеуші заңдар, түрме жазасы және біртіндеп еркіндіктің азаюы жақсылыққа әкеледі деген қоғамдық көңіл-күйге байланысты күшінен айырыла бастады.

Қорытынды: Ғаламдық соғыс

Сергей Медведев

Сергей Медведев
Сергей Медведев

Украинадағы соғыс ғаламдық ауқымға жетті. Соғыс Украина жерінде ғана болып жатқанымен, ондаған елді қамтып, Африка, Оңтүстік Америка мен Шығыс Азия сияқты алыс елдердің халқына әсер етіп отыр.

Украинадағы кикілжің қырғи-қабақ соғыстан бергі ең ірі ғаламдық әскери қуатты арттыру процесіне әсер етті, НАТО мен Еуроодақтан бастап, БҰҰ мен Халықаралық қылмыстық сотқа дейінгі халықаралық институттардың беделіне күмән туғызды.

Бір жағынан, АҚШ пен НАТО бастаған, Украинаны қолдайтын "Батыс" альянсы бар. Екінші жағынан, қазіргі әлемдік тәртіпті өзгерткісі келетін, Батыстан басқа елдер одағы қалыптасып жатыр.

Бұл бейресми топтың алдында Қытай тұр. Одан кейінгісі – Ресей. Оларды Иран мен Солтүстік Корея сияқты елдер қостайды. Бұл мемлекеттер Батыс санкцияларын айналып өтуге арналған жаңа механизмдері, криптовалютаға негізделген жаңа қаржы жүйесі, БРИКС, Шанхай ынтымақтастық ұйымы сияқты өздерінің халықаралық институттары арқылы жаһандануға балама ұсынып отыр.

Майдан шебі Украинадан өткенімен, соғыс барлық жерде жүріп жатыр: Ресей бүкіл әлемдегі сайлауға араласып (кейінгі мысал: Румыниядағы сайлау болды), көп Батыс елінде саботаж жүргізбек. Таяу Шығыс тағы да соғыс өртіне оранды; Венесуэла көршісі Гайанаға территориялық талап қойып отыр; Қытай Украинадағы кикілжіңді жіті бақылап, өзінің Тайваньға қарсы операциясын ойластырып жатыр.

2025 жылы бұл ғаламдық соғыс қарқын алып, Украинадағы жағдайға қарамастан, кикілжің шекарасы кеңейетін сияқты. Украинадағы соғысты тоқтата тұру жөнінде қандай да бір келісім жасалған күннің өзінде ғаламдық шайқалыс тоқтай қоймайды. Өйткені Ресей экспансияға құштар және Украинаның мемлекеттілігін жойып, НАТО мен АҚШ-қа қарсы тұрғысы келеді.

Украинадағы соғыс тізбекті реакция тудырды. Исламистерден бастап, реваншистерге дейін бәрі қанды сезіп отыр. Сондықтан әлемнің күтпеген жерлерінде кикілжіңнің жаңа ошақтары пайда болады.

Осы тұрғыдан алғанда Путин Украинадағы жағдайды ғаламдық кикілжіңге айналдырып, әлемдік тәртіпті өзгертуге бағытталған ұзақмерзімді жоспарында көздегеніне жетті. Екінші Дүниежүзілік соғыспен салыстырсақ, әлемге қауіп төндіруші күш, қазір қай тарапқа шығарын шеше алмай отырған Батыс және алда келе жатқан, жаңа Мюнхен келісімі бар 1938 жылда жүрміз. Ендігі үміт – 1945 жылға аман-есен жету.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG