Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жер Кодексіне қол қойды

Жұма күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жер кодексіне қол қойды деп хабарлайды президенттің баспасөз қызметі.
Оның алдында республика Парламентінің депутаттары осы кодекстің тоғыз бабы бойынша Президенттің білдірген қарсылығымен келісіп, Кодексті қабылдаған болатын. Бұл Кодекс жобасы биылғы жазда Қазақстанда биліктің атқарушы және заң шығарушы тармақтары арасында келіспеушілік туғызып, оның аяғы Иманғали Тасмағамбетов басқарған Қазақстан үкіметін отставкаға кетуіне себеп болған еді. Енді президент Н.Назарбаевтың қолы қойылған жаңа заңмен Қазақстанда жеке азаматтар мен заңды тұлғалардың жеке меншігіне ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер телімдерін сатып алуларына құқық беріліп отыр.

Алайда, Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, Қазақстан коммунистерінің жетекшісі Серікболсын Әбділдин сенбі күні телефон арқылы радиомызға берген сұқбатында жерді жеке меншікке сату мәселесін бүкілхалықтық референдум өткізу арқылы анықтау қажет деген пікірін тағы қайталады.

- Біз бұл заңның күшін жоятын референдум өткізетін боламыз, - деді Серікболсын Әбділдин.

Естеріңізге сала кетейік, осы аптаның басында Қазақстанда жер мәселесіне қатысты бүкілхалықтық референдум өткізу жөніндегі бастамашы топ Алматыда арнайы жиын өткізіп, осы мәселені заңға сәйкес жүргізу үшін өздерін тіркеуді сұрап республиканың Орталық сайлау комиссиясына өтініш тапсырған болатын. Ол топтың құрамында Серікболсын Әбділдин де бар.