Тұтқындағы Саддамның бас көмекшісінің қалтасынан беларус паспорты табылды

  • Смағұл ЕЛУБАЙ
Өткен аптада Ирақта тұтқындалған Саддам Хусейннің бас көмекшісінің қалтасынан беларус паспорты шықты. Бұл оған не үшін керек болған? Мүмкін, ол Беларуссияға қашпақшы болған шығар?
Бағдадтағы Британ журналисі өткен аптада тұтқындалған Саддам Хусейннің бас көмекшісі Абид Хамид Махмуд Әл-Тикритидің қалтасынан беларус паспорттары табылды деп "Индепендент" газетінде жазған еді. Енді бұл жаңалықты Құрама Штаттарының ресмилері растап отыр.Атын атамауды өтінген американың екі ресми тұлғасы "Нью- Йорк Таимс" газетінің бетінде мүмкін бұл паспорттар Саддамның отбасы мүшелері үшін қажет болған шығар дейді.Ресми Америка болса, ол паспорттар туралы әлі толық мәлімет жариялаған жоқ.Беларуссия сыртқы істер министрлігінің өкілі мүмкін ол паспорттар көшірме паспорттар болар деді. Егер, Құрама Штаттар жағы талап етсе біз бұ мәселені зерттейміз дейді Беларуссия сыртқы істер министрлігінің өкілі.

Тергеушілерге берген жауабында Махмуд Тикрити соғыстан кейін Саддамның ұлдары Ұдай, Құсаймен бірге Сирияда болғанын растаған. Алайда, Сирия көп ұзамай Америка қысымына шыдамай, оны Ираққа қайтарып жіберген.Саддам Хусейн тірі дейді ол. Сәуірдің 7 –дегі Америка әуе күштерінің оны өлтірмек болып бомбалауынан кейін мен оны соңғы рет көрдім дейді Тикрити.Тикритидің қалтасынан шыққан беларус паспорттары туралы жаңалықты алғаш жариялаған британдық журналист Патрик Кокбөрн былай дейді:

"Мен білетін ақпарат Абид Хамид, яғни Саддамның бас көмекшісі Сирияға өткен.Ол жерде беларус паспортына ие болған.Содан кейін Ираққа өткен.Ол заңсыз паспорттар ма, әлде Беларуссия шығарған паспорттар ма, о жағын білмеймін".

Ол паспорттар кәзір Құрама Штаттары барлау қызметкерлерінің қолында дейді журналист Кокбөрн.

"Мен ол паспорттарды көргенім жоқ.Мен "Индепендент" газетінде жария еткен мәліметті Зебари мырзадан алдым. Күрдістан Демократиялық партиясы бұрынғы Ирақ өкіметінің ресмилерін табуға жәрдемдесіп жүр".

Журналист Кокбөрн 1999 жылы Саддам Хусейн туралы кітап жазған.Содан кейін оны әлемде белгілі ирақтанушы ретінде біледі.Оның ойынша Саддам Хусейн бас сауғалау үшін беларус паспортын алдыртуы мүмкін емес.Алайда, Саддамның отбасы мен төңірегіндегілер ондай қадамға баруы мүмкін.

"Саддамдай әйгілі емес кісілер ондай паспортты пайдалануы мүмкін.Ал, Саддам үшін ондай паспортты пайдалану қиын болмақ".

Беларуссия егер, Ирақ ресмилеріне паспорт берсе, тек олардың Беларуссия арқылы басқа елдерге өтіп кетуі үшін беруі мүмкін дейді Кокбөрн.

"Егер, сіз Минскіге жете алсаңыз, о жерден талай жаққа шығып кетуге мүмкіндік бар.Егерде, ақшаңыз молдау болса, ол жерде Батыс немесе түстік Европаға қарағанда бой тасалауға да мүмкіндік мол".

Сәрсенбі күні "Нью -Йорк Таимс" газеті Ресей барлау қызметі мен Ирақ барлау қызметі арасында тығыз байланыс болды деп жазады. Ал, Беларуссия мен Ирақ өкіметтері болса, соңғы жылдары БҰҰ-ның санкцияларын бұза отырып, өзара байланыс орната бастағаны белгілі.Беларуссияның Ирақпен әскери салада ынтымақтастық орната бастағаны да аян.

Осы орайда, Беларуссияның Сириядағы елшісі Владзимир Лапата-Загорски шетелдегі беларус елшіліктерінің ирақтықтарға ондай паспорт беруі мүмкін еместігін айтады:

"Беларуссия сыртқы істер министрлігінің тәртібіне сай Беларуссияның шетелдегі елшіліктері паспорттар таратпайды. Біздің қолымызда толтырылмаған паспорттар болмайды.Оны шығару Беларуссия ішкі істер министрлігінің құзырында".

Сәрсенбі күні Беларуссия сыртқы істер министрлігінің өкілі Андрей Савинких былай деп мәлімдеді:

"Ойдан шығарылған бұ нәрсенің ақиқатқа еш қатысы жоқ. Парасат таразысына салар болсақ, тіпті қисынға да симайды".