Күн өткен сайын сот трагикомедияға айналып барады

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Мақала авторының айтуынша, президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевтің шағым-арызы бойынша өтіп жатқан сот процесіне таяу арада нүкте қойылуы тиіс.
“Ассанди таимс” газетінің кезекті санында Александра Лазорскаяның “Процесс күн өткен сайын трагикомедияға айналып барады ” деп аталатын мақаласы жарық көрді. Мақала авторының айтуынша, президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевтің шағым-арызы бойынша өтіп жатқан сот процесіне таяу арада нүкте қойылуы тиіс.

“Міне, сол кезде “Қазақстан мемлекетінде сөз бостандығы бар ма, немесе жоқ па?” деген сыңайдағы екі түрлі көзқарастың түйіні өздігінен шешіледі. Сот процесінің тым асығыс, әрі жедел өтіп жатқанын күн сайын бір отырыстың болатындығынан-ақ аңғару қиын емес. Жұмыстың көптігіне қарамастан, құжаттарды жинауға, сараптау жұмысын өткізуге куәгерлерді тартуға жауап беруші жаққа бір-ақ күн берілген” дейді, мақала авторы.

Александра Лазорскаяның келтірген айғақтарына жүгінсек, алғашқы отырыстан кейін, жауап беруші жақтың, “Әділ сөз” қорының жанындағы, Бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі қоғамдық сараптау орталығының мамандарын шақыруды сұраған бір-ақ талабы қанағаттандырылған. Ал шағымданушы жақтың өкілі Фоменко мырза, ол мамандарды қатыстыруға үзілді-кесілді қарсылық білдірген . Кейіннен Фоменко “президенттің күйеу баласы”, “Ұлттық қауіпсіздік комитетінің генерал-майоры”, “медицина ғылымының докторы”, “Қазақстанның Австриядағы елшісі”, “үш апта бойы елде болды” деген сөз тіркестерін теріске шығарудың қажеттілігі жоқтығы жөніндегі шағымданушының мәлімдемесін оқып беріпті. Алайда Фоменко мырза қалған сөз тіркестерінің бәрін де, не себептен теріске шығару керектігін түсіндірмеген.

Отырыс барысында жауап беруші жақ, сотқа көптеген компаниялардың құрылтайшыларының кім екендігін білу үшін, ресми тұрғыда сұрау салуға ұсыныс жасаған. Бұл бір жағынан Рахат Әлиевтің “Қант орталығы”, компаниясына, “Нұрбанк”, “Маңғыстаумұнайгаз”, “Хабар”, “Хабар-2”, “НТК”, “КТК”, “Орт-Қазақстан” телеарналары мен “Еуропа –Плюс-Казахстан”, “Хит-ФМ – Хабар”, “Ретро-Караван”, “Русское радио-Азия” радиобекеттеріне, “Караван”, “Новое поколение” газеті, “Қазақстан-тудей” ақпараттық агенттігіне, “Алма-Медиа” жарнама агенттігіне қаншалықты қатыстылығы бар екендігін анықтауға септігін тигізер еді. Бірақ жауап беруші жақтың бұл өтініші қанағаттандырылмапты.

Мақала авторының айтуынша, дүйсенбі күнгі сот отырысына, 2001 жылдың қазанында президенттің күйеу баласының бассыздығы жөнінде жасалған мәлімдемеге қол қойған депуттардың бірі Төлен Тоқтасынов қатысқан. Бұл туралы мақалада былай деп жазылған:

“Төлен Тоқтасыновқа өз ойын айтқызуға мүмкіншілік бермей, отырысты сәрсенбіге қалдырды. Депуттатың сәрсенбіде Мәжілісте болатын тығыз жұмыстарға байланысты, отырысты бейсенбіге немесе жұма күнге қалдыруын сұраған өтініші де қанағаттандырылған жоқ” дейді мақала авторы.

Мақала авторының сөздеріне сенетін болсақ, Рахат Әлиевке байланысты “Ассанди-таимс” газетінде жарық көрген мақалаларда президенттің күйеу баласының ар-намысына тиетін сөздер жоқ көрінеді. Мысалы “Рахат Әлиев қайтып оралады” деген мақалаға орай Әль-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық Универсиетінің филология факультетінің, орыс тілі кафедрасының доценті Рахила Қарымсақова сараптама жұмысын жүргізген. Рахила Қарымсақованың айтуынша, президенттің күйеу баласы Рахат Әлиевтің атына айтылған сындарда, оның ар-намысын қорлаған бір ауыз сөз жоқ” деген мақала авторы өз ойын былай түйіндейді: “Расында да елдің арасында Рахат Әлиев туралы әр түрлі әңгімелердің бар екендігін дәлелдеу қатты қиындық туғызып отыр. Редакция жағы сотқа басқа да куәгерлерді, ресейлік журналистерді шақыруға өтініш жасады. Сот куәгерлерді шақыруға келіскенімен, оларға ешқандай да шақыру қағазын жазып берген жоқ. Ал, сот отырысын келесі күнгі сағат төртке белгіледі.

Келесі күні сотқа Қазис Тоғызбаев келіп, өз мақаласында айтылған әңгімелерді шынымен де естігенін айтып, куәгерлік танытты. Сот “Власть” хабарында сөйлеген Ғалымжан Жақияновтың сөзі бар бейнекасетаны да көруге рұқсат етпей қойды” делінген, “Ассанди Таимс” газетінің кезекті санында жарық көрген Александра Лазорскаяның мақаласында.