Пост-коммунистік елдер оқу жүйесін реформалау үшін күресуде.

  • Смағұл ЕЛУБАЙ
Орталық және шығыс Еуропаның пост-коммунистік елдері оқу жүйесін реформалау үшін күрес жүргізіп жатыр. Алайда, бұ салада сәттіліктерден гөрі сәтсіздіктер басым.Аталған саланы шапшаң көтеруге экономикалық жағдай да қолбайлау болып отыр.
Пост-комуннистік Еуропа үшін білім беру саласын реформалау ең күрделі асу болып отыр деп жазады радиомыздың талдаушысы Ян Жун.Бұ саладағы ескі режимнің біраз іздері жойылды.Бұ салаға ұстаздардың жаңа толқыны келе бастады. Ескі режим құлай салысымен, білім беру майданында жаңбырдан кейінгі саңырауқалақтардай қаптап жаңа жекеменшік білім ошақтары көбейді.Сонымен қатар, пост-коммунистік елдерде Батыс университеттерінің филиалдары да көптеп ашылды.

Бұл саланың арзымас проблемалары жәйлі Сербия мен Черногория оқу министрінің орынбасары Зелимир Попов былай дейді: "Проблема оқу жүйесіндегі концепцияда емес.Біздің білім беру концепциямызды Еурокеңес мақұлдаған.Проблема қаржыда.Мысалы, біздің қарапайым мұғалімдеріміздің алатын айлығы 200 еуро ғана.Міне, проблема деген осы болады".

Зелимир Попов жуырда Орталық және шығыс Еуропа оқу жүйесін реформалау бойынша Прагада өткен халықаралық конференцияға қатысқандардың бірі.Аталмыш конференцияға түгел Еуропа оқу жүйесінің ғана мамандары емес, алыстағы Америка оқу жүйесінің де мамандары қатысты.Конференция білім беру саласындағы реформаны аймақ тағдыры үшін шешуші мәселе деді. Еуропадағы "темір перде" жойылғаннан кейін пост-коммунистік білім беру саласы батыстық әріптестерімен ашық бәсекеге түсті.

Нәтижесінде пост-коммунистік елдердің білім беру саласы бұл бәсекеде жеңіліске ұшырады. Енді осы салада Ресейде қалыптасқан жағдаят жәйлі Совет Одағының соңғы сыртқы істер министрі болған Борис Панкиннің пікіріне ден қоялық: "Бұл оқу орындарының ұстаз- профессорларға көп төлеуге мүмкіндігі бар. Сондықтан мемлекеттік салада іс жүзінде түк алмай жұмыс істеп жүргендер солай қарай қашты. Тегін оқу жүйсінде сөйтіп жолы болмағандар қалды"

Сонымен талапты, бірақ одан әрмен оқуға қалтасы көтермейтін жастарға білім беру проблемасы Прагада өткен халықаралық конференцияда көтерілген басты мәселенің бірі болды.

Бұл проблема туралы словак парламентарийі Павол Пашка пікірі төмендегідей: "Университет жүйесі көп қаржы талап етеді.Соған қарамастан, біз қоғамның басым көпшілігіне білім алуға деген мүмкіндік жасағымыз келеді.Бұл деген сөз, бұ салада оқуға төлеуден де басқа стипендиялар, гранттар жүйесін икемді пайдалану деген сөз".

Словак депутаты Павол Пашка пост-коммунистік елдер бүгінде білім беру майданында жолайрықта тұр деп біледі. "Біз өтпелі кезеңде тұрған елдерміз.Еуроодақ табалдырығын аттағалы тұрған елдерміз.Бұл орасан зор жауапкершілікті талап етеді.Бірақ, біз бұл майданда тізе бүкпеуге тиіспіз".