Ресейлік ЮКОС мұнай концерні иелерінің бірі П.Лебедев – “Апатит” компаниясының шамамен 300 млн. долларға тең мемлекеттік акцияларын ұрлады деген күдікпен тұтқынға алынды.

МӘСКЕУ: Ресейлік ЮКОС атаулы мұнай концернінің жетекшісі Михаил Ходорковский осы компанияның мемлекет қаражатын жымқырды деген күдікпен тұтқындалған тағы бір иесі П.Лебедевтің кінәсіздігіне сенемін деп мәлімдеуде. Ресей теледидарына жексенбі күні берген сұхбатында М.Ходорковский П.Лебедевтің жүзеге асырған іс-қимылының барлығы “дәстүрлі іскерлік айналым шеңберінде” болды деп мәлімдеді. Ресейдің құқық сақшылары П.Лебедевке қарсы 1994-інші жылы “Апатит” компаниясының құны 300 млн. долларға жуық мемлекеттік акцияларын қолды қылды деген айып тағуда. Жексенбі күні Томскі қаласында сөйлеген сөзінде М.Ходорковский ЮКОС компаниясына ешкім қол салайын деп отырған жоқ деп мәлімдеп, “белгілі себептермен саяси-заңдық ара-қатынасты айқындау шарасы жүзеге асырылып жатыр” деп атап көрсетті. П.Лебедевтің тұтқынға алынуы салдарынан ЮКОС акцияларының құны күрт құлдырап, компания 1,5 млрд. долларға жуық қаржыдан айрылды. Тергеу барысында М.Ходорковскийдің өзі Ресейдің Бас прокуратурасына шақырылды.