"Мінезді полковник"

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Мақалада құқық қорғау жүйесіндегі заң бұзушылықтар мен коррупцияның тамырын тереңге жайғандығы туралы баяндалған.
“Время” апталығының 10 шілде күнгі санында белгілі журналист Генадий Бендицкидің “Мінезді полковник” деп аталатын мақаласы жарық көрді. Мақалада құқық қорғау жүйесіндегі заң бұзушылықтар мен коррупцияның тамырын тереңге жайғандығы туралы баяндалған.

Біз көп жағдайда құқық қорғау орындарының қызметкерлерінің парақорлығын жиі әңгіме қыламыз. Алайда Генадий Бендицкидің келтірген деректеріне жүгінсек, Қазақстандағы құқық қорғау жүйесінде жұмыс істейтін азаматтың пара алмауы мүмкін емес. Мақалада осыған байланысты Ішкі істер басқармасының қызметкері полковник Рифхат Ибрагимовтың өмірінде орын алған келеңсіз оқиғадан мысал келтірілген.

“Талдықорған ішкі істер басқармасының тәрбиелеу және кадрлар бастығының орынбасары қызметіндегі Рифхат Ибрагимов зейнетке шығатын кезде “Динамо” атты ведомствоаралық спорт қоғамының қалалық филиалын басқарады. Азия ойындарында бірінші орын алғаны үшін, Ішкі істер министрі оны “Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері” белгісімен марапаттап, полковник атағын береді. Марапаттау мен полковник дәрежесін беру Алматы облыстық ішікі істер басқармасының рұқсатынсыз өткендіктен полковниктің әуре-сарсаңға түсуі басталады. Ең алдымен оны қызметінен алып тастайды. Ал ол басқарып отырған талдықорғандық “Динамо” базасын еш себепсіз қайта-қайта тексереді” дейді мақала авторы.

Мақала авторының айтуынша, бастапқы кезде Рифхат Ибрагимов дау-жанжалды бейбіт жолмен шешуге талпыныс жасаған. Бұл әрекетінен түк нәтиже шықпағаннан кейін, Рифхат Ибрагимов Ішкі Істер басқармасындағы белең алып отырған заңсыздықтар туралы ашық айта бастаған. Рифхат Ибрагимовтың айтуынша, құқық қорғау орындарының қызметкерлері айлықтары аз болғандықтан жиі-жиі пара алады.

“Көп жағдайда оларды пара алуға басшылары итермелейді. Өйткені әр бастық та өз кезегінде жоғарғы жаққа пара беріп отыруы тиіс» деген полковник, Талдықорған қаласындағы көптеген келеңсіз жайттардың да сырын ашқан. Полковниктің сөздеріне сенетін болсақ, Талдықорғандағы бастықтардың бәрі де аптаның ортасында Алматыға кетіп қалатын көрінеді. Ал қалада қалған басшыларды тамақтандыру немесе көңілін көтеру Ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің мойнына жүктеледі. “Менің өзім сол басшыларға айына үш жүз долларға шейін пара беріп тұрдым. Бұл Талдықорған қаласы үшін өте мол ақша. Қымбат бұйымдар сыйладым. Бастықтардың котедждері мен керемет үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргіздім. Монша мен неше түрлі ішіп-жем дастархандарын ұйымдастырдым” дейді Рифхат Ибрагимов.

Рифхат Ибрагимовтың айтуынша, құқық қорғау орындарының қызметкерлері осындай іскерлігене байланысты бағаланды. “Сол себептен де тұтқынға алынған азаматқа туған-туысқандарымен кездесуге рұқсат бергені үшін де құқық қорғау орындарының қызметкерлеріне пара алуға тура келеді. Өйткені үлкен бастықтарға пара бермесең қызметің де өспейді, тіпті саған адам деп те қарамайды».

Мақала авторы келтірген деректерге жүгінсек, Рифхат Ибрагимов біраз орындарға шағымданғаннан кейін, облыстық Ішкі істер басқармасындағы көптеген былықтардың беті ашылған. “Өткен жылы облыстық ішкі істер басқармасына материалдық құндылықтар сатып алуға бөлінген үш жүз алпыс миллион теңге өрескел заң бұзушылық негізінде жұмсалған. Тексеріс кезінде облыстық полиция қызметіндегі бір-де бір шаруашылық келісім туралы құжат заңға сәйкес келмеген» делінген “Время” апталығының 10 маусым күнгі санында жарық көрген белгілі журналист Генадий Бендицкидің мақаласында. Мақала авторының айтуынша Рифхат Ибрагимов талдықорғандық полицейлердің былықтарын бүге шігесіне шейін баяндап, Ішкі істер министрі, Бас Прокуратура, президент әкімшілігі секілді ресми мекемелерге хат хазған.