Алматыда Ислам Даму банкінің конференциясы басталды

  • Саясат БЕЙİСБАЙ
Кездесуге Ислам Даму банкіне мүше 500-ден аса делегат келді. Халықаралық конференция 2 қыркүйекте аяқталады.
Ислам Даму банкі өзінің Орталық Азия аймағында ықпалын күшейтпек ниетте. Бұл туралы 1-қыркүйекте халықаралық қаржылық ұйымның басқармалары кеңесінің Алматыдағы 28-отырысы аясында өткізілген баспасөз мәслихатында Ислам Даму банкінің президенті Ахмед Мухаммед Али хабарлады.

Осыған байланысты ол банк басқармалары кеңесінің бұл жолғы отырысында Өзбекстанды ұйымға мүшеллікке қабылдау жоспарланғанын ерекше атап көрсетті. "Өзбекстанның Ислам Даму банкіне мүшеллікке қабылдануы Орталық Азия аймағындағы барлық мемлекеттерді өз қатарымызға қосу шарасын аяқтайды. Бұған біз айрықша қуаныштымыз", - деді банк төрағасы.

Ахмед Мухаммед Алидің айтуынша, банктің басты мақсаты - тек аймақтағы елдермен қарым-қатынасты нығайту ғана емес, сонымен бірге Ислам Даму банкіне мүшелікке өткен барлық елдермен байланысты күшейту болып табылады. Осы орайда банк президенті аталмыш мақсатта арнаулы қадамдар жасалып, коммуникациялық, темір жол және автожол салу жұмыстарын қаржыландырып отырғанына ерекше тоқталды.

"Біздің пайымдауымызша, бұл аймақ үшін сауда-саттықты дамытудың маңызы зор. Аймақтағы мемлекеттер арасындағы етене жақын қарым-қатынасқа жол ашу - болашақта бұл өңірге Парсы шығанағы арқылы әлемдік кеңістікке көпір салу үшін қажет", - деді Ислам Даму банкінің президенті. Осындай игі мақсатты көздеген Ислам Даму банкі осы тектес инвестициялық бас қосулар ұйымдастыру арқылы Орталық Азия республикалары мен Әзербайжан елдерінің өзара және әлемнің басқа да елдерімен арадағы аймақтық ынтымақтастықты дамытуға қолдау көрсетеді. Болашақта мұндай конференциялар Тәжікстан мен Өзбекстанда да өткізіледі деп күтілуде.

Қазіргі жағдаймен Ислам Даму банкінің Орталық Азия аймағына бөлген қаржыландыру көлемі 450 млн. долларды құрайды. Оның 90 млн. доллары Қазақстанның үлесінде. Ислам Даму банкі негізінен инфрақұрылымды дамыту, білім беру және сауда-саттық саласындағы жобаларды қаржыландырады.

Ислам Даму банкі президентінің хабарлауынша, банк алдағы уақытта жол құрылысы, шағын және орта бизнес пен жалпы жекеменшік секторды дамытуға арналған жобаларды көбірек қаржыландыруды қолға алмақшы.

1973-жылы іргетасы қалаған Ислам Даму банкіне бүгінде 54 мелмекет мүше болып табылады. Банктің жалпы капиталы 30 млрд. долларды құрайды. Ислам Даму банкі бастапқы 3-5 жылын жеңілдетілген тәртіппен 15-20 жылға ұзақ мерзімді несие беруді жолға қойған.

Дүйсенбі күні осы халықаралық басқосу аясында Орталық Азиядағы әйелдердің рөлі атты конференция болып өтті.