Дүниежүзілік банк Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдерінің басшыларын СПИД ауруы эпидемиясын ауыздықтауға мейлінше көп күш жұмсауға шақырады. Осы қаржы институтының сейсенбі күні жарияланған баяндамасында атап көрсетілгендей, аталған елдерде өткен жылы ғана СПИД жұққан адамдардың саны 250 мыңға ұлғайып, 1 млн. 200 мыңды құраған. Ондай өсім әлемнің басқа бірде-бір елінде байқалмаған. Дүниежүзілік банк басшылығының ескертуінше, кешегі коммунистік елдердің басшылары шұғыл шаралар қабылдамайтын болса, олардың экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштерінің қайта қаралуы ықтимал. Әлгі банк – аталған аймақтардағы СПИД-ке қарсы күрес бағдарламаларын қаржыландыруды 2007-ші жылға қарай 5 есеге ұлғайтып, 1,5 млрд. долларға дейін жеткізу керек деп есептейді.