ВАШИНГТОН: АҚШ-тың қорғаныс министрі Дональд Рамсфелд Ирақтың жаппай қырып-жою қаруын табуға қосымша уақыт қажет деп мәлімдеді. АҚШ-тың Ирақта жұмыс істеп жатқан әскери сарапшылары тобының жетекшісі Дэвид Кэй Ирақта жаппай қырып-жою қаруы әлі табылған жоқ, бірақ оны іздеу жалғасуда деп мәлімдеді. АҚШ Конгресінің бейсенбілік жабық отырысында сарапшылардың бастапқы есебімен таныстырып шыққан соң Дэвид Кэй – Саддам Хусеин режимінде ядролық қару жасау бағдарламасының болғанын дәлелдейтін жанама айғақтар көп табылды деп мәлімдеді. АҚШ әкімшілігін сынаушылар АҚШ-тың ұлттық мүддесіне Ирақтан едәуір қатер төнді дегенге күмән келтіруде. Ал Ақ үй С.Хусеиннің жойқын қаруды жасырып қоюға бұйрық бергеніне өте сенімді.