Израил әскерлері жұма күні Газа секторындағы жер асты жолдарды экстремистер үшін Мысырдан қару жеткізіліп тұрады деген күдікпен сол туннелдерді құрту мақсатында танкілермен босқындар лагеріне кіргенде атыс болып, онда 8 жасар баламен қоса жеті палестиндік өлген. Тағы 55 кісі жараланған. Және израилдік 1 сарбаз жарақат алған. БҰҰ-ның бас хатшысы Кофи Аннан бұл Израилдің табан асты соққы беруін айыптады. Сонымен қатар, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде жұма күні Израилдің Иорданның батыс жағалауында қауіпсіздік қабырғасын орнату жоспарына арналған жабық есік жағдайындағы отырыс өтті. БҰҰ-дағы Палестина өкілі Нассер Әл Кидва егер бұл қабырға салынатын болса, онда бұл Таяу шығыстағы бейбіт процестің соңы дегенді білдіреді деді.