Қостанай мемлекеттік тілге бірден көше алмайды.

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Қостанай облысын мемлекеттік тілге көшіру мәселесі қиыншылық туғызып отыр. Өйткені Қостанайда әлі күнге шейін орыс халқының үлес салмағы басым болып отыр.
Қостанай – Қазақстандағы ең ірі облыстардың бірі. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Торғай облысы жабылып, Қостанайға қосылған болатын. Көптеген орыстар Ресейге көшіп кеткеннен кейін Қостанай облысында қазақтардың саны арта түсті. Таяуда жолымыз түсіп, Қостанай облысында болып қайтқан едік. Осы сапарымызда Қостанай облысындағы мемлекеттік тілдің жүзеге асыру барысын білу мақсатында бірнеше ресми мекемеге бас сұғып, зиялы қауым өкілдерін әңгімеге тартқан едік. Өтебай Аққалиев, Қостанай облысы, Жангелдин аудандық мәслихатының бас маманы: - Соңғы уақытта заман ағымына байланысты жаңа терминдер көбейіп кетті. Терминдердің көптігі елдің арасында үлкен түсінбестік туғызып отырғаны да рас. Түрлі баспалардан шығып жатқан кітаптардағы терминдерде бірізділік жоқ. Көп жағдайда бір терминнің неше түрлі баламасы болғандықтан қалай аударарыңды білмей жатасың.

Газет бетіндегі шығып жатқан терминдерге аса көңілім толмайды. Олардың басым көпшілігі мүлде қате аударылған. Мысалы “медсестараны” кей жағдайда “медбике” немесе “медбикеш” деп аударып жүрміз. Күнделікті қолданыста осы екеуінің біреуін пайдалануымыз керек қой. Сол секілді вокзал, автовозал, автостоянка деген сөздердің де аудармасы көп. Қайсысын аларымызды білмей көп жағдайда шатысып жатамыз.

Қостанай қаласына барған кезімде өз ақшама жаңа шығып жатқан термин сөздердің кітаптарын сатып алуыма тура келеді. Отыз томдық терминологиялық сөздік шықты деп естіп жатамыз. Бірақ терминологиялық комитет біз пайдалансын деп, бір кітап салған емес.

Байтұрсын Ілияс, журналист. “Жас өркен Қостанай” журналының бас редакторы. - Біздің оңтүстік өңіріміздегі үш-төрт аудан іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізеді. Атап айтсақ ол Жангелдин, Амангелдин ауданы және Арқалық. Әулиекөл ауданы ол енді жартылай қазақша, жартылай орысша ғой. Дегенмен Қостанай облысының солтүстік аудандарындағы іс-қағаздарын қазақ тіліне бірден көшіру мүмкін емес. Өйткені әрбір ауданда қазақтардың үлес салмағы басым емес. Қазақтардың ол жердегі үлес салмағы он бес немесе жиырма процент қана болып келеді. Орыстар басым болғаннан соң іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жаз деп қатаң талап қоя алмайсың. Ондай қатаң талап қойған жағдайда іс-қағаздарына қатысты жұмыстың бәрі тоқтап қалады.

Қостанай қаласының өзінде іс-қағаздарын таза мемлекеттік тілде жүргізіп отырған мекемелер некен-саяқ. Орыстар басым болып отырған жерде бұйырсаң да іс-қағаздарын қазақ тілінде жүргізе алмайсың. Тіпті басын кесіп алам десең де олар табанда қазақ тілін үйреніп кете алмайды. Сондықтан Қостанайда іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру мәселесі бірден емес бірте-бірте шешілетін проблема. Дегенмен үкіметтің саясатына қарсы шығып немесе оған тиым салып жатқан ешкім жоқ. Бірақ өкінішке қарай жергілікті жердегі ахуал өте қиын. Сол себептен де көп жағдайда іс-қағаздарын амалсыздан орыс тілінде жүргізуге тура келеді.

Қостанайдағы тағы бір өзекті проблемалардың бірі – мектеп мәселесі. Қазақ мектептері жыл сайын қосылып жатқанымен, соның өзі аздық етіп отыр. Қостанай қаласының екі жүз жиырма мыңдай халқы бар. Бұрын осы қаланың он алты проценті ғана қазақтар еді. Сол он алты процент қазақтарыңның он проценттейінің өзі орыс тілді болатын. Тәуелсіздік алғанға шейінгі үлкен проблема Қостанайдағы қазақ балаларының оқитын мектебі болған жоқ. Оны кеңестік саясат керек деп те санамады. Қостанай қаласында жалғыз-ақ қазақ мектебі болды. Ол – Ыбырай Алтынсарин іргесін қалаған, облыстардағы барлық қазақ ауылдарының балалары жатып оқитын мектеп-интернат еді. Ал Қостанай қаласының тұрғындары үшін қазақ мектебі болған жоқ. Мен Қостанайда қазақ мектебі болмағанннан кейін амалсыздан балаларымды орыс мектебіне оқытуға беруге мәжбүр болдым. Соның зардабын мен де, менің замандастарым да әлі күнге шейін тартып жүрміз.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Қостанай қаласында қазақ мектептері ашыла бастады. Басқа халықтардың өз Отанына кетіп қалуына және ауылдағы адамдар мен оралмандардың келуіне байланысты бүгінгі таңда Қостанай қаласындағы халықтың үштен бірі қазақтармен толықты.

Қостанай қаласында қазір үш мектеп бар. Сол мектептерге қазір қазақ балалары симай жатыр. Мысалы Сырбай Мәуленов атындағы №24 мектеп бар. Сол мектепте мыңнан аса бала екі ауысымда оқиды. Біздің Қостанай облысында тіл мәселесі осы мектепке келіп тіреліп тұр. Экономикалық қиыншылық жағдайға байланысты көптеген ауылдар тарап кетті. Тіпті түгелімен жойылып кеткен ауылдар бар. Ол ауылдарда ең алдымен мектеп жабылды. Балаларын оқытатын мектеп болмағаннан кейін ол жердегі халық басқа жаққа көшіп кетеді. Ал ол барған жерлерінде орыс мектебі болып шығады. Ол мектептерде қазақ кластары ашылғанымен, сол аралас мектептердің бізге тигізіп жатқан пайдасы жоқ.

Серікбай Оспанұлы, ақын.

- Қостанайдағы мектептердегі қазақ тілінің жағдайы әлі күнге шейін өз дәрежесінде емес. Қай кезде барсаң да таза қазақ мектебінде оқитын балалардың өзі орыс тілінде сөйлеп жүреді. Мектептердің аздығының салқыны бізге де тиді. Биыл журналистика факультетінің қазақ бөліміне оқуға түсуге бір-ақ бала келді. Бір балаға бола біз дәріс бере алмаймыз ғой. Көшедегі жазулардың бәрі тегіс қате жазылады. Қазір адамды таң қалдыратын нәрсе көп. Мысалы "шатхана" деген бірдеңе шықты. Бүкіл кафелердің басына осы жазуды іліп қойған. "Шатхананың" түбірі шат қой. Олардың айтқысы келіп отырғаны шаттық қой. Шат-шадыман деген ғана бар, қос сөзде айтылатын. Осылардың бәрі айтылады, жазылады. Бірақ одан ешқандай да өзгеріс жоқ.