БҰҰ-ның сарапшылар тобы Әл-Қаида ұйымына қарсы жаңа тиымдар жариялауға шақыруда.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ
БҰҰ-ның сарапшылар тобы Әл-Қаида ұйымы мүшелерін қаржыландыру көздері мен олардың жүріп-тұрулары және қару-жарaқтарға қол жеткізу жолдарын бөгеу үшін Қауіпсіздік кеңесінің жаңа қарар қабылдауына шақыруда.
БҰҰ-на мүше елдердің Әл-Қаида ұйымына жасалатын көмек жолдарын бөгеуде жеткілікті дәрежеде шаралар қолдануын талап ету үшін жаңа да қатаң қарардың қабылдануына БҰҰ-ның сарапшылар тобы шақыруда. Дүйсенбі күні жариялаған есебінде аталған топ қазіргі кезде пайдаланылып отырған тиым шешімінің әлсіз жақтарын нақты көресете білген. Сарапшылар БҰҰ-на мүше елдерді бұл шараларға атсалыса қатысуға жұмылдыру жолдарын да нұсқауда. Ол баяндамада көрсетілгеніндей, қазірге дейін аталған ұйымға мүше 191 елдің ішінде тек 83-і ғана Әл-Қаида мен Талибан қозғалыстарына тиым жариялауға байланысты өз ұсыныстарын тапсырған екен. Олардың көпшілігі соңына дейін тексерілмеген мәліметтерді ұсынып отыр дейді Азаттық радиосының БҰҰ-дағы тілшісі Роберт МкМахон. Бұл ұсыныстар Қауіпсіздік кеңесінің осы жылдың қаңтар айында қабылдаған қарары негізінде жасалуда. Қауіпсіздік кеңесіндегі тиымдар жариялау бойынша комитет жетекшісі, Чилидің осы ұйымдағы елшісі Хералдо Муноз осы ай ішінде жаңа қарарға барынша қолдау көрсететіндігін айтқан. Муноз мырзаның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде әсіресе, Шығыс Азияда жиі бой көрсетіп отырған Әл-Қаида ұйымы барған сайын ықпал ету аймағын кеңейтіп, дамып барады. Осы арқылы ол шын мәнінде халықаралық дәрежедегі террорлық ұйымға айналуда. БҰҰ-ның осы баяндамасында көрсетілгеніндей, қазіргі кезде Әл-Қаида ұйымы бір орталықтан басқарылмай, қайта жергілікті шағын топтарға бөлініп кетті десе болғандай. Осы БҰҰ жанындағы сарапшылар тобының жетекшісі Майкл Чандлер бұл жөнінде былай дейді:

- Ол тез өрістеп барады. Ол әр жерге бөлшектеніп кетуде. Сондықтан да адамдар мен топтар оның идеологиясына тезірек мойын бұруда. Бұдан екі жыл бұрынғымен салыстырғанда мейлінше формальды ұйымға айналған, - деді Чандлер мырза.

Сарапшылар тобы алдағы уақытта өздеріне зерттеулер жүргізу хұқының берілуін сұрап отыр. Олар әзірше елдерден келіп түскен баяндамалар мен бұқаралық ақпарат құралдары сияқты ашық бұлақтардан мәліметтер жинауда. Аталған топтың ұсынып отырған тағы бір шарасы- БҰҰ-на мүше елдерді Әл-Қаидаға тиесілі банкілік есеп-шоттар ғана емес, басқа да меншіктерді жабуға міндеттеу. Осыған қоса, сарапшылар тобының хабарлауынша, баяндамаларын БҰҰ-на ұсынған кезде, өз елдерінде Әл-Қаида ұйымы бөлімшелерінің бар болуы мүмкін екендігін хабарлап отырған 11 елдің бірде-бірі әлгі баяндамаларында ол ұйымның иелігіне тиесілі мүліктердің, басқа да заттардың жабылғаны жөнінде сөз айтпапты дейді Азаттық радиосының тілшісі Роберт МкМахон. Осы айдың соңында аталған сарапшылар тобы Қауіпсіздік Кеңесіне есеп беруі тиіс. Соған дейін мәліметтер жинақтауды олар одан әрі жүргізбекші.