Құқықтық Қазақстан мемлекетінде адам құқығына қарсы келетін заң қабылдануы мүмкін бе?

  • Гүлмира ХАМЗА
Қазақстандағы баспасөз бостандығын қорғауды көздеген халықаралық ұйым өкілдері «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобаны әзірлеп, талқылауға қатыстық, деп өз беделдеріне нұсқан келтіргісі келмей отыр. Сол себептен олар 9-ші желтоқсан күні «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобасын талқылау жөніндегі Парламент Мәжілісінің жұмыс тобының құрамынан шығатынын жариялады.
«Әділ сөз» қорының сараптау орталығының жетекшісі Ғалия Әженованың айтуынша, заң жобаны талқылау барысында, «Әділ сөз» қоры мен Интерньюс-Қазақстан ұйымы айтарлықтай белсенділік танытты, бірақ бұл ұсыныстарға еш кім назар аудармады.

Ғалия Әженова, «Әділ сөз» қорының сараптау орталығының жетекшісі: - Халықаралық ұйымдардың 130 ұсынысы, оның ішінде «Әділ сөз» қорының 39 ұсынысының біреуі де жаңа заң жобасына енгізілген жоқ. Оның себебін айту қиын, себебі заң жоба бойынша Ақпарат министрлігі барлық бұқаралық ақпарат құралдарын бақылап отыратын болады. Ақпарат министрлігі бұқаралық ақпарат құралдарына қолдау көрсетіп, қорғап отырудың орнына, бұқаралық ақпарат құралдарын бақылағанды жөн көреді. Сол себептен олар өздері әзірлеген заң жобадан бас тартпайды,сонымен қатар олар түрлі ұсыныстарды қабылдамай тастады. Бізбен санаспағандықтан, біз заң жобаны талқылайтын жұмыс тобының құрамынан шығып кетуді жөн санадық.

Бұл орайда, Қазақстан Республикасының Ақпарат министрі Сауытбек Әбдірахманов парламентке жіберілген «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң жобаға жоғары баға беріп отыр.

Cауытбек Әбдірахманов, Қазақстан Республикасы Ақпарат министрі: - Министр ретінде ғана емес, көп жылдар бойы газет басқарып, газетте жұмыс істеген адам ретінде бұл заң жобасымен жан-жақты танысқаннан кейін, бұл заң жоба журналисттерді айтарлықтай қорғайтын заң жоба деген ойға келдім. Бұл біздің елімізге, біздің елдегі реттілікке керек.

Сонымен қатар, Ақпарат министрі Сауытбек Әбдірахманов , талқыланып жатқан заң жобаға халықаралық ұйымдардың наразылық білдіріп отырғанына таңқалып отырған жоқ.

Cауытбек Әбдірахманов, Қазақстан Республикасы Ақпарат министрі: - Біздің тәуелсіздігімізге әсер ететін көптеген мәселелер, біздің Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға қызмет ететін көптеген мәселелер дәл халықаралық ұйымдардың қарсылығына ұшырайды. Шетелдің барлығы бірдей Қазақстан гүлденсін, Қазақстан өркендесін, мемлекет азаматтары республика тәуелсіздігін қадірлесін, құрметтесін, деп отырған жоқ. Осы жәйтті ескеру керек.

Ал Интерньюс-Қазақстан мемлекеттік емес ұйым жетекшісі Олег Кациевтың ойынша, Қазақстан үкіметі әзірлеген заң жоба сол қалпында қабылданса, болашақта қазақстандықтар отандық теле арналардың бағдарламаларын көруден, радио хабарларды тыңдаудан, газет-журналдарды оқудан қалады. Ал бұл жағдайды өзгертуге тырысқан халықаралық ұйымдар әлсіз болып отыр.

Олег Кациев, Интерньюс-Қазақстан мемлекеттік емес ұйымының директоры: - Біз қолымыздан келген шаралардың барлығын іске асырдық, соңғы айларда біз түрлі кездесулерге қатысып, пікір талас жүргіздік. Менің ойымша, біздің арымыз таза.

Журналист Олег Кациевты оның әріптесі, парламент мүшесі Уәлихан Қалижан да қолдап отыр. Бірақ депутат Уәлихан Қалижанның пікірі басқашалау.

Уәлихан Қалижан, Қазақстан Парламентінің мүшесі: - Мысалы, мен журналистпін, журналистті қолдаймын. Бірақ бір мәселені ұмытпау керек, журналистке шексіз билік беру керек пе, керек емес пе? Яғни журналист өзінің жазған материалына жауап беру керек пе, керек емес пе? Жазса, жауап беру керек. Меніңде мүддем қорғалуы керек, яғни сынап отырсың ба, болмаса бір адам туралы түрлі деректерді жариялап отырсаң, сенің қолыңда бұл ақпаратты дәлелдейтін құжат болу керек. Ал болмаған жағдайда бекерден-бекер адамға жала жабуға болмайды. Сол себептен – диктатура, яғни заң диктатурасы болу керек.

Баспасөз бостандығын қолдайтын тұлғалардың ойынша, Қазақстан үкіметі әзірлерген заң жоба қабылданып, күшіне енсе, онда отандық теле-радио бағдарламалардың сапасы нашарлайды. Шындықты көрсете алмаған телеараналарды қазақстандықтар көргісі келмейді, немесе шынайы өмір туралы жаза алмайтын басылымдарды оқуға ниет танытпайды. Сонымен қатар, «Әділ сөз» қорының өкілі Ғалия Әженованың ойынша, жаңа заң жоба жемқорлықты дамытады.

Ғалия Әженова, «Әділ сөз» қорының сараптау орталығының жетекшісі: - Коррупция мен кедейшілік, жемқорлық пен бақылаушылық бірге жүреді. Көп бақылай берсе,яғни сізге рұхсат қағаз керек болса, сіз сол қағазды алу үшін пара беруіңіз мүмкін.Ал бұл жемқорлық болмай не болады?

Қалай болғанымен, жағдай реттелетін шығар, деп үміт артатындар да жоқ емес.