Иран жастарының бас қосып, пікір алмасатын орындары саны күн асқан сайын азаюда.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ
Иран жастарының бас қосып, пікір алмасатын орындары саны күн асқан сайын азаюда. Осыған орай консервативтік бағыттағы басшылық пен жас қауым арасындағы пайда болған жік ұлғая түскендей.
Батыс үлгісіндегі Апачи ресторанына басқосуға келуші жастар саны едәуір еді. Солардың бірі- 20 жасар Сормех деген қыз. Өткен аптада бұл ресторан өз жұмысын тоқтатты. Себебі, консервативтік бағыттағы билік нұсқауы сондай болды-, дейді Азаттық радиосы жаңалықтар бөлімінің тілшісі Голназ Есфандияри. Бұл жөнінде Сормех ханымның пікіріне құлақ түрсек. “Мен достарыммен бірге Апачи ресторанына аптасына бір немесе екі рет, көңіл көтеру үшін баратынмын. Мұндағы атмосфера жақсы болатын. Бір сәтке болса да күйбең тірлік қиындықтарын ұмытып, достарыңмен сырласа алар едің. Олар биллиард клубтарын да, Техранның кофе дүкендерін де жауып тастады-, деді Сормех ханым Фарда радиосына берген сұхбатында.

Иранда үйленбеген жастардың өзара бірге отыруы қолдауға ие бола қоймайды. Ел басы Мұхамед Хатамидің билігі тұсында ашылған, жастардың кейде болса да басқосуына мүмкіндік беретін жедел қызмет ресторандары мен басқа да орындар енді міне шетінен жабыла бастады. Басынан аяғына дейін қара киініп, шашын көрсетпей жүруге- Иран әйелдері міндетті. Алайда, соңғы кездері ирандық қыздар қысқалау киім киіп, баскиімдерін желкеге қарай сырып тастап, шаштарын көрсетіп жүруге және боянуға пейіл. Иран Жастар одағы өткен айларда елдегі жас қауым арасында нашақорлыққа бейімділік пен әлеуметтік қалыптасқан тәртіпке көнгісі келмеушілік құбылыстарының жиілей түскендігі туралы дабыл қаққан болатын. Техрандағы әлеуметтік мәселелерді зерттеумен айналысатын профессор Аманоллах Ғарай Моғадамның пікірінше, мұндай тиымдар өз кезегінде тиісті қарсылықтарға душар болуда.

“Барлық зерттеулердің көрсеткеніндей, мұндай тиымдардың қай-қайсы болмасын жастарды саруайымшыл және қалыптасқан тәртіпке бағынбайтын, менменшілдікке итермелеуде. Мұндай тиымдар жастардың ақыл-ойы мен психологиясына кері әсерін тигізіп, олардың жасы үлкендерге деген қарсы көзқарасын тереңдете түсуде”, - дейді Ғарай Моғадам мырза.

Осылайша Ирандағы консервативтік билік пен 35 жастан төменгі қауым арасындағы пайда болған сызат одан әрі тереңдеп кеткен-, дейді мақала ауторы Голназ Есфандияри. Олардың саясатпен, дәстүрмен ісі жоқ. Олар өз ойларын ашық білдіруге, өзге жыныстағы құрбыластарымен еркін сырласуға, қалаған музыкасын тыңдауға еркіндік алғысы келеді. Әсіресе, жаңадан сайланған Техран қаласының мэрі көптеген мәдени орталықтарды жапқыза бастағалы бері астана жастарының басқосатын, пікір алысатын мүмкіндіктері азая түскені сөзсіз-, дейді мақала ауторы.