Ауғанстанға қандай президенттік билік керек?

  • Смағұл ЕЛУБАЙ
Осы аптада Ауғанстан астанасы Қабул қаласында жиналған 500 кісілік Лойя Жырға құрылтайы Ауғанстан конституциясын қабылдауға жақын. Құрылтайда Ауғанстанда президенттік билік күшті болуы керек пе, әлде парламенттік жүйе күшті болуы керек пе деген мәселеде пікірлер қақ жарылып отыр.
Қабулде жиналған Лойя Жырға құрылтайында Ауғанстан коституциясы бойынша қызу пікір-талас жүріп жатыр. Конституцияға Ауғанстанның уақытша президенті Хамид Карзай ұсынған қуатты президенттік билік туралы бап салған жерден дау-дамай туғызды.

Конституция жобасында үкімет басы қызметі жоқ. Президент 5 жылға сайланады. Және бір рет қайта сайлануға құқы бар. Өз билігі кезінде президентке қарсы тұрарлық билік тұтқасы болмауға тиіс. Осынау күшті президенттік билікті қолдаушылар Лойя Жырғада аз емес.

Хажы Абдул Саттар атты бір делегат отыз жыл ұдай соғыс аласапыранын бастан кешкен Ауғанстан тәрізді ел үшін тек күшті президенттік билік керек дейді. Күшті парламенттік жүйе елде күшті, көп партиялық жүйе қалыптасқанда ғана пайдалы дейді. Оның пікірін Гераттан келген делегат Мохаммед Рафих Шер дамыта түседі:

"Біздің еліміздің қауіпсіздігі үшін, тұрақтылығы үшін президенттік жүйе қолайлы деп білемін", - дейді Мохаммед Рафих Шер.

Ал, күшті президенттік биліккке қарсылар болса, егер күшті парламенттік жүйеден қашады екенбіз онда ең болмағанда үкімет басы билігін де енгізуіміз керек дейді. Огузган өлкесінен келген Мұстафа Атамади тап-таза парламенттік билік жағында. Өйткені, парламенттік билік болғанда ғана жариялалық болады парламент халық билігінің кепілі дейді ол.

Қабул қаласының делегаты Хабиба былай дейді:

"Елде қарусыздану толық жүзеге аспай отырған Ауғанстандағы жағдайда президенттік жүйе пайдалы."

Құрылтайда президент Хамид Карзайдың президенттік билік жәйлі ұсынысына негізі тәжіктер болып табылатын Солтүстік одақ топ болып қарсы шықты. Тәжіктер биліктің бәрі пуштун Карзайдың қолына шоғырлануынан қорқады.

Талдаушылардың пікірінше конституция жобасына жалғыз ғана тәжіктер емес, Солтүстік одақ, демократияны қолдайтындар, жергілікті командирлер және діншілдер қарсы көрінеді. Құрылтай тағы да 10 күнге созылуы мүмкін.