Астана телеарнасы республиканың төрт қаласына хабар тарататын болады

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ
Астана қаласына тарайтын «АсТв» телеарнасы бұдан былайғы уақытта Шымкент, Павлодар, Атырау және Алматы қалаларына хабар тарататын болады. Осылай деп желтоқсанның 22-сі күні өткен теле-радио хабар тарату жиіліктерін бөлу жөніндегі республикалық тендерлік комиссияның төрағасы, Ақпарат министрі Сауытбек Әбдрахманов мәлімдеді.

ҚР Ақпарат министрі Сауытбек Әбдрахмановтың айтуынша, тендерлік комиссияның қарауына бес қалаға хабар тарату жиілігін алу үшін «МИР» телерадиокомпаниясы, «Рауан медиа груп» акционерлік қоғамы, «Рахат Тв», «Тандем», 31-арна, «Ар- айна», «АсТв» теле арналары секілді 10 шақты үміткер арыз берген. Бірақ, елдегі хабар тарату жиілігінің ресурсы шектеулі болғандықтан, әр қалада бір жиілікті бос қалдыру туралы шешім қабылдануына байланысты бір ғана бос жиілік қалған Қарағанды қаласы тендерден алынып, Павлодар, Атырау, Шымкент және Алматы қалалары бойынша тендер өткізілді. Нәтижесінде «АсТв» теле арнасы төрт қала бойынша да комиссия мүшелерінің 80-90 пайыз дауысын алып, аталған қалаларда хабар тарату құқығына ие болды. Аталған төрт қалаға хабар тарату жиілігін Астана теледидарының жеңіп алу себебін Ақпарат министрі Сауытбек Әбдрахманов Қазақстанның Елордасын жан-жақты насихаттау мақсатында деп түсіндіреді.

Ал Шымкент қаласына хабар тарату жиілігі бойынша конкурсқа түскен «Айғақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің президенті Дулат Әбіш , тендерлік комиссияның өзі алдын-ала кімге беретіндігін шешіп қойған дейді.

Ал соңғы мәліметтер бойынша, Астана телеарнасы ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясының иелігінде. Осы ақпараттың растығына көз жеткізу үшін Астана теледидарының директоры Ләззат Көккөзоваға қойғанымызда, ол жауап беруден бас тартты.

Сонымен қатар тендерлік комиссияның кезекті отырысында Ақпарат министрі Сауытбек Әбдрахманов екі мәселені қарағандарын айтты. Оның бірі 2004 жылдың қаңтардың бірінен бастап, Қазақстан Республикасының «Жарнама туралы» Заңы бойынша спиртті өнімдерді жарнамалауға мүлдем тыйым салынады. Осыған орай Ресей хабарларын тарататын телеканалдарға Ресейден тарайтын спиртті өнімдердің жарнамаларын таратпау жөнінде ескерту жасадық дейді. Екінші мәселе Қазақстандағы телеарналардағы мемлекеттік тілдің таратылуы. Ақпарат министрі. Сауытбек Әбдрахмановтың айтуынша, телеарналарда тілдік норманы бұзып отырған «Шахар» телеарнасы екен. Олар бүгінгі күні бар болғаны 8 пайыз ғана мемлекеттік тілде хабар таратып отыр екен.