Бейжіңде Шанхай ұйымының тұрақты хатшылык кеңесі орналасты

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ
Қаңтардың 15і бейсенбіге Шанхай ынтымақтастығы ұйымының Қытай астанасы Бейжіңдегі хатшылығы кеңесінің ашылу салтанаты жоспарланған. Талдаушылардың тілшімізге айтуынша, бұл шараның ұйымға мүше елдер - Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан үшін маңызы аса зор болмақ.
Қытай астанасы Бейжіңде Шанхай ынтымақтастығы ұйымының хатшылық кеңесі ашылуымен бұл алтылық ұйымның тарихында жаңа бір кезең басталмақ, деп жазады тілшіміз Антуан Блуа. Шанхай алтылығына Тынық мұхитынан бастап Финляндия бұғазына дейін жалғасып жатқан еуроазиялық алты мемлекет мүше.

Бұл топ бұрыңғы Қытай-Совет шегара аймағындағы дауларды реттеу мақсатында осыдан 7 жыл бұрын құрылған болатын. Жүре келе Шанхай ұйымы лаңкестік, әсірешілдік, жікшілдік, және экономикалық өзара ынтымақтастық мәселелерін де қарастыра бастады. Бейжіңдегі бұл салтанатты жиынға Азиядағы өзге ұйымдар, БҰҰ, ЕуроОдақ сондай-ақ, ЕҚ және Ынтымақтастығы ұйымынан да өкілдер қатыспақ.

Хатшылық кеңесі Шанхай ұйымының жұмыстарын үйлестіріп отыратын болады. Оны Қытайдың Ресейдегі бұрыңғы елшісі Жаң Дегуаң басқарады. Үш орынбасары болады. Ұйымның Атқарушы комитетінің лаңкестікке қарсы күрес бөлімі Өзбекстан астанасы Тәшкентте орналасады. Мәскедегі халықаралық қатынастар институтының пост-советтік зерттеулер орталығының директор орынбасары Артем Малгин Бейжің жиыны жөнінде былай дейді.

- Бейжіңде тұрақты кеңестің және Тәшкентте аймақтық лаңкестікке қарсы күрес бөлімшесінің ашылуы, бұл Қытай, Ресей және өзге орта азиялық 4 мемлекеттің өзара ынтымақтастық байланыстарын одан әрі нығайту жолындағы игі қадам, - дейді Артем Малгин.

Оның айтуынша, Шанхай ұйымы енді өз жұмыс тетігі, тұрақты қызметкерлері және қаржысы бар дербес құрылымға айналып отыр.

Бірақ өзбекстандық саяси шолушы Мәлік Әбдіразақовтың Алтылық ұйым жөніндегі көзғарасы өзгешелеу екен.

- Мен Шанхай ұйымындағы өзара ынтымақтастықтың өркендеуіне сенбеймін. Өзбекстан бұл ұйымнан не пайда көрмек? Әзірше ештеңе байқалмайды. Бұл ұйым лаңкестік мәселесін де шеше алмайды. Бұл жерде бір жағдай – Қытайдың Орта Азия елдеріндегі әсер-ықпалы және мүддесі ғана үлкен рөл ойнауда, - дейді өзбек шолушысы.

Ал, Лондондағы Джейнз сентинел - Ресей және ТМД елдері басылымының редакторы Алекс Ватанканың пікірінше, ұйымда Ресей мен Қытайдың болуы, тұрақтылығы шамалы Орта Азия елдеріндегі өзара ынтымақтастыққа жаңа леп бермек.

- Мысалы, Өзбекстан Қырғызстан және Тәжікстан мен шегаралас аймаққа жарылғыш миналар қойып тастаған. Оның кесірінен ондаған бейкүна адам құрбан болды. Өз азаматтарынан айрылған көрші ел өз кезегінде өзбектерге келетін суды азайтты. Осылайша кек алу жалғасып, дау-дамай өрши береді. Бірақ көп жақтама кеңестерде оны шешуге де болар еді, - дейді Ватанка.

Дегенмен, Лондондық талдаушының айтуынша,

- егер Ресей мен Қытай тек қана өз мүдде-мақсатттары жөнінде ғана ойлайтын болса, онда Шанхай ұйымы да ТМД бірлестігіне ұқсап, іске аспайтын шарттарды түзумен ғана уақытын өткізеді. Ал одан тағы да Орта Азиялық мемлекеттер ұтылатын болады, - дейді Ватанка.

Сондай-ақ Ватанканың пікірінше, Ресей мен Қытайдың Шанхай ұйымындағы тағы бір мақсаты АҚШтың Орта Азия елдерінде соңғы жылдары күшейіп келе жатқан әсер-ықпалын барынша әлсіздендіру. Тағы бір мәселе, Қытай өзіне көршілес Ресей мен Орта Азиядағы мұнайды көп шығынсыз алуға құштар.

Шанхай ұйымына енді ол аймақтың кіндігінда орналасқан Моңғолдар да қызығып отырғандай.