Республика аумағында “Қару” операциясы басталды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ
Қазақстан Республикасы аумағында қаңтар айының 27-сі мен ақпан айының 4-і аралығында республикалық “Қару” операциясы басталды. Бұл туралы “Азаттық” радиосына Алматы қалалық іскі істер бас басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады. Полиция капитаны Арман Жусанбай аталған шараның мақсаты туралы былай дейді.



- Іс шараның негізгі мақсаты – еліміздің территориясында заңсыз қару ұстап, заңсыз қару сақтаған азаматтарды анықтап, олардан отты қаруды тәркілеу. Алдын ала хабарлау арқылы азаматтардың сана сезіміне ықпал ету. Егер олар өздері ерікті түрде қолдарындағы отты қаруды тапсырса қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Қаруды өздерімен бірге алып жүріп полиция қызметкерлерінің қолына түсетін болса қылмыстық жауапкершілікке тартылады. ҚР қылмыстық кодексінің 250 бабында көрсетілгеніндей әр азамат заңсыз қару сақтаған жағдайда 3 жылға және отты қаруды пайдалану мақсатында қолға түссе 7 жылға дейін басбостандығынан айырылады.

Полиция қызметкерінің айтуына қарағанда, өткен тәулік ішінде суық қару алып жүру, сақтауға байланысты 15 қылмыстық оқиға тіркелген.