Бүгін, Ақпанның 11-і сәрсенбіде Қазақстандағы Қазақ-Австрия «Жібек жолы» қоғамының бөлімшесі «Біз біргеміз» атты қайырымдылық акциясын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ақпанның 10-ында өткізілген баспасөз мәслихатында Австрияның Ақпарат және баспасөз орталығы агенттігі сыртқы саясат бөлімінің өкілі Хермине Шрайберхубер мәлімдеді. 1993 жылы немістің қайырымдылық ұйымының көмегімен Республикалық онко-гемотологиялық орталық ашылғаннан бері бұрын шарасыз болып келген қазақстандық дәрігерлер қатерлі сырқаттан емдей алатын болды. Орталық науқас балаларды неміс-австрия мамандарының жасақтаған арнаулы бағдарламасымен жұмыс істейді. Бүгінгі күні ауру балалардың 75 пайызы жазылып шығып жатыр. Бірақ, сүйек кемігін ауыстыру мүмкіндігі табылмай отыр. Бұл дертке шалдыққан балалар беймезгіл ажал құшуда. Сондықтан, республика дәрігерлері жаңа ашылған Қазақ-Австрия «Жібек жолы» қоғамы бөлімшесінен үлкен үміт күтіп отыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда жылына, шамамен 150-ге жуық бала лейкемияға шалдықса, Онко-гемотологиялық орталықтан 600-ге жуық бала ем алады. Жазылып шыққандардың саны мыңнан асады. Ал ауру балаларды шет елде емдеу ақысы 150 мың долларды құрайды.