Шетелдіктердің асырап алуына қазақстандық 3174 бала жіберілген.

  • Әселім ҚАЛКЕНҚЫЗЫ
Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты “Неке және отбасы туралы” заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын ұсынып, ол ақпанның 18-і күні болған Мәжілісітің жалпы отырысында үлкен талқыға түсті.

Мұндағы негізгі мәселе шетелдіктерге қазақстандық жетім балаларды асырап алуға беру. Депутаттық топ атынан осы жоба бойынша баяндама жасаған депутат Амангелді Айталы заңға енгізіліп отырған өзгерістер мен толықтыруларға тоқталды.

Мұнда қазақстандық азаматтардың бала асырап алуына артықшылық беріліп отыр.

Егер сәбидің ата-анасы болмаса,оны туыстары асырап ала-алады. Туыстары болмаса бала қазақстандық отбасына беріледі. Ол болмаса, қазір ашылып жатқан балалар деревнясына жіберу қарастырылған. Осы ішкі жағдайлар болмаған күнде ғана бала шетелдік азаматқа асырап алуға беріледі.

Бұрынғы заңда әке-шешесі болмаса бала шетелдік азаматқа берілетін, енді сәбидің туыстарының рұқсатынсыз берлімейтін болады. Бүгінде қаптап кеткен делдалдық агенттіктердің жұмыстарына тиым салынады. Бала асырап алушы елдермен екі жақты келісім бекітілетін болады. Оны Мәжіліс бекітеді.

Асырап алушы шетелдік азамттарға талаптар күшейтіледі. Егер балның құқы бұзылып, жағдайы болмай жатса, екі жақты келісімге сәйкес бала қазақстанға кері қайтралатын болады.

Амангелді Айталы кезінде қазақстандық жетім балаларды шетелдіктердің асырап алуына қарсы болған депутаттардың бірі болатын. Оның көзқарасының өзгеруі әріптестерінде таң қалдырған сияқты. Амангелді Айталы өз сөзінде “Қазақстан 1994 жылы Халықаралық Лиссабон конвенциясына кіргендіктен, біз одан аса алмаймыз деді:

“Басым көпшілігі қолдамайды. Қолдамайтындардың ішінде басым көпшілігі қазақтар. Біздің қол-аяғымыз конвенциямен тұсауланып тұр. Біздің балалар бүгінде әлеуметтік жағынан қорғалмаған. Сондықтан біз шетелдіктерге бала беруге тиым сала алмаймыз. Оған көзіміз жетті”.

Депутат Серікболсын Әбділдин өз сауалында былай деді:

“Мына конвенцияға бас ұрып, соған байланысыт балаларды сатуды қалдыруыңыз ақылды адамның ісі емес. Жалпы мына балаларды өзіміз сақтайтын мүмкіндік бар екендігін сіз білесіз. 3млрд 600 млн доллар далада жатыр келешекке деген. Мыналарға тиын жұмсасаңызда ол түкке тұрмайтын қаржы. Соған неге бармаймыз біз?”

Амангелді Айталының жауабы:

“Қарсы тұрып көрдік ғой, біз неше айтысып келеміз.Одан ештеңе шықпады, шықпайды да. Біз конвенциядан шығудың жолын таба алмай отырмыз”.

Астанадағы балалар үйінің тәрбиешісі Рымды Қапашқызы “шетелдік азаматтарға қазақстандық балаларды асырап алуға беруді қолдаймын” - дейді:

“Оны мен қолдаймын. Онда баланың болашағы болады деп ойлаймын. Өз әке-шешесі бала қылмаған соң, бөтен ата-анасы болған жөн шығар. Осында тұрып жатқан балалардың әке-шешесі ішімдікке салынып кеткен, ата-анасы жоқтар”.

Мәжілістің бір топ депутатының “Неке және отбасы туралы” заңға енгізген өзгрістері мен толықтыруларына депутаттардың басым бөлігі қарсы болып, жоба әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитетке кері қайтарылды.