Табиғи монополияларды реттеу және бәскелестікті қорғау жөніндегі агенттігі

  • Жұмагүл ТЕМİРҒАЛИ
Бұл туралы көкектің 12-і күні Астанада Табиғи монополияларды реттеу және бәскелестікті қорғау жөніндегі агенттіктің төрағасы Ораз Жандосов мәлім етті. Жандосов, сондай-ақ, Агенттіктің "Табиғи монополиялар туралы" заңға өзгерістер дайындап, Парламент қарауына енгізілгені туралы да баян етті.
Агенттік төрағасы Ораз Жандосов «Алматы Пауэр Консолидейтед» акционерлік қоғамын бірнеше заңды тұлғаларға бөлу қажет деп есептейді. Ораз Жандосов «Алматы Пауэр Консолидейтед» компаниясын бөлгенде оның ішінде кейбірі табиғи монополиялардың субъектілері болып қалатынын айтады. Сотқа берілген талап арызда аталған кәсіпорынды электр энергиясын тарату, жылу беру және энергия өндіру буындарына бөлу көзделіпті. «Осындай жағдайда қалыпты бәсекелестік болады. Бұл бағаны төмендетуі мүмкін»,- дейді Табиғи монополияларды ретттеу және бәскелестікті қорғау жөніндегі агенттіктің төрағасы. Жандосов мырзаның айтуынша, Табиғи монополияларды реттеу заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасында монополистердің тарифтерді өзгертуге байланысты өтініштерін халық талқысына салу көзделген. Сонымен қатар табиғи монополистердің қызметтеріне бақылауды, тұтынушылардың мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған толықтырулар қаралыпты. Аталған агенттіктің жұмысына Қазақстан Парламенті Мәжілісінің жекелеген депутаттары әртүрлі пікірлер білдіріп отыр. Мысалы, депутат Серік Әбдрахмановтың пікірінше, агенттік тарапынан айтарлықтай іс атқарылмапты. «Себебі агенттікте отырған жігіттердің өздері ірі капиталдың өкілдері. Сол себептен мемлекеттік саясатты олар аса ұран етіп отырған жоқ», дейді Серік Әбдрахманов. Ал, депутат Болат Әбішев «агенттік ауқымды жұмыстар жасайды» деген үмітте. «Өйткені, жанар-жағар май туралы әңгімені көтеріп жүрген осы жігіттер. Сосын олар кейбір монополистермен күресуге шыққан сияқты. Қарық қылады деп жатқан жоқпын. Бірақ нәтижелі бір нәрсе жасайды деп ойлаймын», дейді ол. Астанадағы тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Василий Дудников, тұрғындардың бағаның өсуіне байланысты көп шағымданатынын айтады. « Көгілдір отынға баға жиі өседі. Мысалы, өткен жылдың желтоқсан айында ғана көгілдір отынға бағаны өсірген. Міне көкек айының басында көгілдір отынға бағаны тағы да өсірді. Монополистермен айтысуға тура келеді. Олар қаулыға сәйкес он күн бұрын хабралаулары қажет» дейді Василий Дудников. Ал, жұртшылық өкілдерінің пікірін сұрағанымызда олардың бірі бағаның жыл сайын өсіп отырғанын айтса, енді бірі бағаның айтарылқтай қымбат еместігін атады. Аталған агенттік биылғы жылы «Бәсеке және монополистік қызметті шектеу туралы» жаңа заң жобасын дайындап үкімет қарауына ұсыныпты. «Бұл құжаттың мақсаты бәсеке саласындағы қызметтерді реттеу» дейді агенттік төрағасы Ораз Жандосов.