Ирақтағы Мұсылман көсемдерінің Қауымдастығы мұндағы Сүнні мұсылмандары атынан әсірешілдіктен тыс бағытта өз үнін білдіруде

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ
Ирақтағы шайқастардың одан әрі жалғасуы, сондай-ақ кепілдікке шетелдіктерді тұтқынға алу істерінің одан әрі қанат жаюы елдің саяси сахынасына жаңа тұлғалардың шығуына түрткі болып отыр. Мұсылман көсемдерінің қауымдастығы ұйымы-солардың бірі. Ол ұйым өкілдері АҚШ әскерилері және Фаллужа көтерілісшілері арасындағы түсіністіктің орнауына, сондай-ақ кепілдікке алынған 7 Қытай азаматының босатылуына айрықша үлес қосты. Әрі кепілдікке адам алуды айыптап мәлімдеме жариялады. Ұйым басшыларының бірі Шейх Харис әл-Даридің айтуынша, бұл Қауымдастық заңды түрдегі діни, саяси, әлеуметтік және отаншыл бағыттағы ұйым екен.

Ел өмірінің барлық саласындағы өзгерістер мен оқиғаларға өзіндік үнін қосып отыратын Қауымдастық 2003-ші жылдың 14-ші маусымында құрылған. Мұстафа Алани мырза-Таяу Шығыс және Солтүстік Африка бойынша Британияның біріккен қызметтер институтындағы бағдарламаны жүзеге асырушы әріптестердің бірі. Оның сөзіне қарағанда, бұл Қауымдастық елдегі Сүнні мұсылмандары арасындағы билікте пайда болған бос кеңістікті толтыру үшін құрылған.

АҚШ-тың бастауындағы әскердің Ираққа енуінен кейін елдегі Шии мұсылмандары Нажаф және Карбала қалаларындағы саяси партиялар мен басқа да ұйымдарға көптеп тартылған болатын. Осы аралықта саяси өзіндік үнге ие бола алмай қалған және елдегі азшылық боп табылатын Сүнні мұсылмандарын ел өміріне жұмылдыруды көздеуде.

Бұл Қауымдастықтың негізгі бастамашылығы Ирақтың ұлтжандылық сезіміне құрылған. Демек олар АҚШ-тың бастауындағы әскерлердің елге енгеніне Шиилер мен Сүннілердің, сондай-ақ Күрд қауымдастығының бірлесе қарсы тұруын қалайды-, дейді Алани мырза. “Бұл ұйымның құрамында Сүнні мұсылмандарының ғұламалары, атап айтқанда Абу Ханифа және Абдул Қадр Ғайлани мешіттерінің имамдары бар. Ол адамдар бұрыннан-ақ белгілі еді. Алайда, оларды саяси қозғалыстың, бірлестіктің мүшесі ретінде ешкім білген емес.

Демек, өз құрамында осындай атақты адамдардың болуы арқылы аталған Қауымдастық аса ықпалды болып отыр”-, деді Алани мырза.

Бұл қауымдастық өкілдері, Алани мырзаның айтуынша, Ирақтың Өкіметтік кеңес құрамында жоқ екен. Себебі ол қауымдастық АҚШ тарапынан тағайындалған Өкіметтік кеңесті заңды ұйым деп мойындамауда. Тағы бір талдаушылардың пікірінше, аталған Қауымдастық өкілдері көптеген Сүнні саяси партияларымен, әсіресе Ирақ Ислам партиясымен жақсы қарым-қатынаста екен. Ол ұйым осыған қоса Мұсылман Бауырластығы деген Сүннілердің саяси қозғалысымен тығыз байланыста. Мұсылман Бауырластығы қозғалысының қызметі 1950-60-шы жылдары аса танымал еді.

Алайда, Саддам Хусейн билігі тұсында қуғынға ұшыраған болатын. Алани мырзаның сөзіне қарағанда, Мұсылман Көсемдерінің Қауымдастығы сондай-ақ елдегі Шии мұсылмандары ұйымымен, әсіресе Мәртебелі Аятолла Әли әл-Систанимен және Мұқтада әл-Садрмен жақсы байланыста екен. Бұл күндері Қауымдастықтың елдегі беделі одан әрі арта түсуде.