Өткен жылдың қазан айында салық төлемеген және жалған құжаттар пайдаланған деген айыппен саясаткер Әміржан Қосанов шартты түрде бір жылға сотталған болатын. Алайда сол кезде бір айдан соң шетелге шығуға мүмкіндік алған ол, қазір ҚР Әділет министрлігінің қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Алматы қаласы және облысы бойынша басқармасы енді шет елге шығуға рұқсат бермей отыр дейді.
Сол себепті де саясаткер Әміржан Қосанов Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне қарасты Алматы қаласы және облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі комитетін конститутциялық құқымды бұзып отыр деген талап-өтінішпен аталған мекемені сотқа бергендігін айтып отыр. Ә.Қосановтың айтуынша, әділеттілікті бірінші сақтайтын бұл мекеме заңға қайшы келетін барлық әрекеттерге бара отырып, бар ойлары мені шет елге шығармау дейді.
Аталған комитет Ә.Қосановтың екі мәселе бойынша шет елге шығуына рұқсат бермей отыр екен. Біріншісі, шартты түрде сотталғандықтан да ол шет елге шыға алмайды.Екіншісі, оған салынған 193 мың теңге айып төленбеген екен. Алайда бұл айыптауларды Ә.Қосанов түбірімен жоққа шығарып отыр.
- Шартты түрде сотталған адам ретінде шет елге шығуыма құқым болмаса, олар былтыр Венаға баруыма қалай рұқсат берген. Ал, айыппұл мәселесінде өзімді кінәлі санамасам да, саяси ісімізге кедергісі келмесін деп төлеп қойғанмын. Сөйтіп, егер бұл сотта жеңіп шықсам, онда 12 мамырда Варшавада өтетін ОБСЕ-нің жиынына қатысамын, - дейді саясаткер Әміржан Қосанов.