АҚШ президентінің қауіпсіздік мәселесі бойынша кеңесшісі Кондолиза Райс ханым Біріккен араб әмірлігіндегі Ал-Арабия теледидарына берген сұхбатында американдық әскерлердің ирақтық тұтқындарға жасаған зорлық-зомбылығы үшін араб әлемінен кешірім өтінді.

К. Райс АҚШ кінәліларды тауып, жазалайды деген сенім білдірген. Сондай-ақ, АҚШ қорғаныс министрі Д. Рамсфельд бірер күн бұрын: -

Мына суреттердегі әскерлердің тірлігі американдықтардың табиғатына жат іс-әрекет. Мұны жасағандар өздерінің адал қызмет етіп жүрген достарын да, Америка елін де ұятқа қалдырып отыр,- деген болатын. Д. Рамсфельд Ирақтық тұтқындардың америкалық әскерлер тарапынан зорлық-зомбылыққа кездескендігін айыптап, бұл мәселеде кінәліларды әділетті түрде жауапқа тарту үшін АҚШ барлық тиісті шараларды қолданады деді. Пентагонда өткен брифинг кезінде Рамсфельд бұл тірлігімен олар американ халқының сенімін ақтамады деген.