Облыстық білім департаментіне қарасты «Шығыс» оқуды дамыту ғылыми зерттеу орталығы деп аталатын мектептің 14 оқушысы уланып ауруханаға түсті.
Оқушылардың жаппай улану себебін білу мақсатында Облыстық білім департаменті мен оқиға орын алған «Шығыс» оқуды дамыту ғылыми зерттеу ортылығы директорына хабарласқанымызбен жауап алу мүмкін болмады.
Орын алған төтенше жағдайға орай Шығыс Қазақстан облыстық білім департарментінің басқарма бастығының орынбасары Еркінбек Аязбаевқа хабарласып, мән-жәйді білмек болған әрекетімізден түк шықпады. Оның айтуынша, балалардың улануы жайында ақпарат бірнеше рет берілген, ол жайында Қазақстанның білім және ғылым министрлігіне де ақпарат жолданған. Аязбаев мырза айтқан уәж осы болды.
Балалар жаппай улану оқиғасы орын алған «Шығыс» оқуды дамыту ғылыми зерттеу орталығының директоры Татьяна Александроваға телефон шалғанымызда, ол осы екі күнде қағаз жазып, сұхбат беріп шаршадым деп телефон тұтқасын тастай салды.
Оқиғаның мән-жайын Өскемен қалалық төтенеше жағдайлар жөніндегі басқармадан білуге мүмкіндік алдық. Басқарма бастығының орынбасары подполковник Азамат Қабышевтің айтуына қарағанда алтыншы мамыр күні сағат 10:40 шамасында төтенше оқиғаның орын алғаны жайында хабар түскен.
«Мектеп директорынан хабар түсті. Біздің басқарма барлық тиісті орындарға хабар берді. Медициналық қызмет облыстық ауруханаға 8 баланы бірден алып кетті. Қазір олардың жағдайлары жақсы. Бүгін сағат 8-де облыстық ауруханаға звондадық. Олардың хал-жағдайы жақсы. Полиция жағдайдың себебін тексеріп жатыр » дейді Азамат Қабышев.
Ал, Шығыс Қазақстан облыстық ауруханасының бас дәрігері, педиатр Рая Рахимованың айтуынша, балалардың жағдайы жаман емес. «Кеше 14 бала келіп түскен еді. Екеуі реанимацияда болған. Бүгін ол екі баланың жағдайы орташа. Ол балалар неврология бөліміне ауыстырылды. Ал, қалған сегіз баланы үйлеріне шығардық.Екі баладан басқа төрт бала бар. Олардың уланудың емес бұрынғы өздерінің аурулары бар екен, ата-аналары емдеуге қалдырыңыздар деген соң өз салалары бойынша қалдырамыз» деді Рая Рахимова.
Ресми деректерге қарағанда уланған балалар 8-12 жас шамасындағылар. Қазіргі уақытта тиісті орындар оқиға себебін анықтауда.