АҚШ өкілдері келер айларда бұл елге қарсы лаңкестік шабуылдар орын алуы мүмкін, деген хабарды жинақтағандарын айтуда.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ
АҚШ өкілдері келер айларда бұл елге қарсы лаңкестік шабуылдар орын алуы мүмкін, деген хабарды жинақтағандарын айтуда. Ал, Отандық қауіпсіздік департаменті бұл хабарды тұтас елге таратуға асықпай отыр.

Бас прокурор Джон Ашкрофт сәрсенбі күнгі баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде Әділет министрлігі және Федералдық зерттеу бюросы мен İшкі қауіпсіздік департаменті ұйымдарының құпия мәліметтер жинақтағандығын айтты. Ол мәліметтер бойынша, келер айлар ішінде Құрама Штаттарына қарсы кем дегенде бір ірі лаңкестік шабуылы жоспарлануда-міс. Бұдан бұрынғы кезеңдегідей, бұл жолы да аталған шабуылдардың қашан және қайда, қандай тұрғыда жүзеге асуы мүмкін екендігі жөнінде нақты ешнарсе айтылмаған екен. Енді Ашкрофт мырзаның өзі бұл жөнінде: “Жаңа жылдан кейін-ақ, Әл-Қайда ұйымы Құрама Штаттарына лаңкестік шабуылдар 70 пайызға дайын, деп жариялаған болатын. Ал, наурыздың 11-і күнгі Испанияның Мадрид қаласындағы шабуылдан кейін Әл-Қайда ұйымы Америкаға шабуылдар 90 пайызға әзір, деп жариялаған еді”-, деді.

Ол сондай-ақ, алдағы төрт ай ішінде арнайы нысанаға ілінуі мүмкін бірнеше шараларды атап өтті. Олар- Вашингтондағы Екінші Дүние жүзілік соғысы ескерткішінің жаңа ашылуына арналған салтанат, Үлкен сегіздік ұйымының Джорджа штатында болатын саммиті және АҚШ-тағы ең басты екі партияның Нью-Йорк пен Бостонда болатын ұлттық басқосулары, деп атап көрсеткен Ашкрофт мырза.



Сол Ашкрофт мырзаның айтуынша, бәлкім Әл-Қайда ұйымы қараша айында болатын елбасылық сайлауларға өз ықпалын жасауға тырысуы да мүмкін. Осылай дей келіп, ол жоғарыда айтып өткен Мадрид шабуылдарының сол елдегі сайлаулардан үш күн бұрын болғандығын айтып өткен.



Федералдық зерттеулер бюросының басшысы Роберт Мюллер сол баспасөз мәслихаты барысында алты адамның суретін көрсетті. Оның бесеуі-еркек, біреуі-әйел адам. Олардың кейбіреуі қазірдің өзінде АҚШ-қа келген болуы мүмкін, деген қауіп те айтылды. Өз бет-бейнелерін бүркемелеу үшін олар отбасы мүшелері ретінде де шекарадан өтуге тырысуы ықтимал. Кейбір хабарларға қарағанда, Әл-Қайда қазіргі кезде Европалық тұрпатты адамды іздестіріп жатқан болуы да кәдік.



Осындай ескертулерге қарамастан İшкі қауіпсіздік департаменті тұтас ел бойынша лаңкестік шараларға қарсы дабыл қағуға асықпай отыр. Бұл кеңсе лаңкестік қауіптің түріне қарай бес деңгей белгілеп отыр. Оның ең жоғарғы сатыдағысы қызыл түспен, содан кейінгілері қызғылт, сары, көк, жасыл түстермен таңбаланған.



Буш әкімшілігі саясатын сынаушылар “бұл аталған мәлімдеме Ирақтағы шиеленістердің одан әрі жалғасып кетуі және Ирақ түрмелеріндегі тұтқындарды зәбірлегендеріне байланысты дау-дамайдың бетін көмескілендіру үшін әдейі жасалған”, деп отыр.