Қазақстан кеденшілері “Аджип” компаниясынан бюджетке 812 млн. теңге төлеуді талап етіп отыр.

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ
Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласында еңбек етіп жатқан инвесторлар республика заңдарын аяқ асты етіп отыр. Бұл – “ел Үкіметімен 1999 жылы жасалған келісім-шартта көрсетілген жеңілдіктерді мерзімі өтіп кетсе де пайдалана берген” деп “Аджип” консорциумын сотқа берген Маңғыстау облыстық кедендік бақылау департаментінің қызметкерлерінің пікірі. “Шет елдік компания сот шешіміне де құлақ аспай отыр” дейді департаменттің баспасөз хатшысы Рахат Қосбармақ.

Рахат Қосбармақ, Маңғыстау облыстық кедендік бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

- Былтырғы жылдың қараша айынан бастап бұл компанияның салық режиміндегі жеңілдіктері де алынып тасталды. Соған сәйкес осы мекеме 4 ай ішінде 582 миллион теңге кедендік төлемдерді төлеуге міндетті болатын. Бірақ олар бас тартқан соң, біздің облыстық кедендік бақылау департаменті сотқа беріп, Түпқараған аудандық сотының шешімі бойынша 230 млн. айыппұлды қоса, барлығы 812 млн теңге салықтарды төлеуге міндеттелді. Бірақ, әлі күнге компания бұл соманы төлеген жоқ.

Саясаттанушы, “Демократияны қолдау” Атырау орталығының директоры Жұмабай Доспановтың пікірінше, Қазақстан шет елдік инвесторларды әбден еркелетіп жіберді. «Мұхит асып келген қалталылар қит етсе шағым айтып президентке жүгінеді» дейді мемлекетаралық “Алтын ғасыр” газетінің бас редакторы Жұмабай Доспанов.

Жұмабай Доспанов, саясаттанушы:

- Қазақстан, мысалы, 2003-ші жылы шамамен 53 млн. тонна мұнай өндірсе, соның тек қана 11 млн-ы ғана Қазақстан еншісінде екен. Қалғанын инвесторлар әкетіп жатыр. Ал, Маңғыстаудағы «Аджипке» салынып отырған кеден салығына келсек, біздің кеденшілер оның осынша мөлшерге жетіп қалғанша не бітіріп отырған. Мұндай оқиға Атырауда да болды, Батыс Қазақстанда да болды.

Саясаттанушы Дос Көшім болса, ел үкіметі тағы бір ойынның шетін шығарды деген пікірде. Оның айтуынша, инвесторларға қирғи-қабақтық таныту Қазақстанға жақсы атақ әкелмейді.

Дос Көшім, саясаттанушы:

- Шет елдік инвесторлардың ығыстырылып шығарыла бастауының басы деп ұғамын мен оны. Себебі, өзіміздің жеке тұлғалар, не болмаса жеке компаниялар байып, өздерінің капиталдарын салатын жер іздеп жатыр. Қазақстанда сәл-пәл табыстан бас айналу басталған сияқты. Себебі, бізде мұнай бағасының өсуіне байланысты менің ойымша әжептәуір, шексіз капиталдар жиналды. Екінші мәселе: бұлардың бұрынғы жасаған келісім-шарттары халыққа көрінбеуі, оның жариялылық түрде болмауы.

Бүгінде Аджип консорциумының аудандық соттың шешіміне наразылық танытып, облыстық сотқа шағым түсіріп отыр. Біз күн ұзақ Ақтау мен Атырау қалаларына телефон шалып, компания өкілдерінен қандай да бір түсініктеме ала алмадық. Облыстық кеден департаментінің баспасөз хатшысы Рахат Қосбармақ қалталылар қайтсе де өз дегендерін істейді-ау деген қауіп айтады.

Рахат Қосбармақ, Маңғыстау облыстық кеден департаментінің баспасөз хатшысы:

- Олардың қолдарында үлкен материалдық күш пен қаржылық мүмкіндіктер бар. Сондықтан да олар осы мүмкіндіктерін пайдаланып, мына еліміздің ең мықты деген адвокаттық фирмаларын жалға алып, кеден заңдылықтарының әлі жетілмеген әлсіз тұстарын өз мақсаттарына шебер пайдалана біліп, көп ретте сот орындары мен мемлекеттік органдардың шет елдік инвесторлармен қақтығысқа келуден қашатын әдетін пайдаланып отыр.

Республикада инвесторлар мен кеденшілер тосын мінез танытып соттасып жатқанда, елдің энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьник Лондонда «Аджип» консорциумының құрамына енетін BG компаниясының жетекшілерімен келіссөздер жүргізуде.