Ирақта қауіпсіздікті сақтауға байланысты жаңа шаралар қарастырыла бастады.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ
: Ирақ егемендігінің ирақтықтар қолына тапсырылғанына бір аптадан аса уақыт өтті. Елдегі қауіпсіздік жағдайын бұрынғыдан гөрі жақсарта түсу үшін аралық өкімет құрамы жаңа шаралар қарастыруда. Енді осы тақырып жөнінде қазір студиомызда отырған әріптесім Нұрлытай Үркімбаймен әңгімемізді одан әрі жалғастырсақ.
Егемендігін алған Ирақ жеріне өзгерістер біртіндеп келуде. Дей тұрғанмен, елдегі қауіпсіздіктің айтарлықтай жақсара түскені байқалуда. Бағдат көшелерінде Ирақ полиция жасақтары көбірек көріне бастаған.

Сондай-ақ олар өз міндеттерін үлкен сеніммен және зор мәртебемен атқаруда. Мысалы Бағдатты Иордания, Сирия елдерімен, сондай-ақ Фаллужа қаласымен байланыстырып жатқан жол торабындағы әл-Хадра полиция бекеті қызметкерлері бұл жолдардың жанкештілер мен лаңкестердің ойран орынына айналудан барынша қорғауда. Егемендіктен бұрынғы апталарда ел астанасында лаңкестік әрекеттердің белең алып кеткені белгілі. Осында жұмыс істейтін лейтенант Хассан Әлидің айтуынша, полиция қызметкерлері күн сайын 20-30-дай жарылғыш заттарды залалсыздандырады екен. “Өзіңіз көріп отырғандай, қазір қала көшелерінде полиция қызметкерлері көптеп еңбек етуде. Олар көше қиылыстарында, алаңдарда, кез-келген жерлерде тұр”-, деді Хассан Әли Азаттық тілшісіне. Жасақ санын бұдан да көбейте түсу керек, деді ол. Былтырғы жылы осы әл-Хадра полиция бекетінде бар болғаны 30 қызметкер болған екен. Ал, қазір олардың саны 130-ға жетіп отыр.

Елдің экономикалық болашағын одан әрі жақсарта түсу үшін сыртқы әлеммен, яғни әлемдік базармен мығым байланыс орнатылуы тиіс. Мұнай сияқты табиғи шикізаттарға бай ел болғанымен елде тыныштық орнамаса, онда инвесторлардың да бұл елден алшақтай берері анық. Сондықтан да Ирақтағы аралық өкімет өкілдері бұл саланың аса маңыздылығын күн тәртібіндегі алғашқы мәселелердің бірі ретінде қойып отыр.

Сол әл-Хадра бекетіндегі полиция лейтенанты Фарид Халилдің Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатындағы пікірінше полиция қатарында қызметтегі сенімділік өсе түскен. Оның бір себебі, коалиция күштеріне қарағанда Ирақ полиция жасақтары өз елдеріндегі лаңкестік және қылмыс әлемімен қалай күресу керектігін жақсы біледі. Америкалықтар қолға түскен қылмыскерді, егер айғақтар жеткіліксіз боп тұрса, бостандыққа шығара салатын. Ал, Ирақ полициясы құрығынан қылмыскердің оңайлықпен шығып кетуі мүмкін емес. Лаңкестер дереу террорлық әрекеттермен қарсы күрес департаментіне тапсырылады екен. Сондықтан да соңғы аптада басқасын айтпағанда, ұрлық істеп, қолға түскендер саны да күрт төмендеп кеткен. Өткен желтоқсан айында Ирақ полиция өкілдері Азаттық тілшісіне берген сұхбатында АҚШ әскерилері қылмыскерлермен тым демократиялық тәсілдер арқылы жұмыс істеуде, деп шағым айтқан болатын.

Өз лаңкестік әрекеттерін “Жихад майданы” деп жариялағандар жөнінде Әли мырза “олар жихадшылар емес, себебі олар қарапайынм ирақтықтарды көптеп қырып жатыр”, деді. Көтерілісшілердің бейбіт өмірге оралуын қолдаған аралық өкімет олардың қайбіріне кешірім жасау жөнінде хабарлағаны белгілі. Осы сауал туралы да Әли мырза “ол адамдар- фанатиктер. Олар амнистия мен өлімнің қайсысын таңдау керек десе, бәрібір өлімді таңдар еді”-, деді ол.