Арнайы жасақтарды құрудың қиындығына байланысты БҰҰ алдағы уақытта АҚШ-тың бастауындағы көп ұлтты қауіпсіздік күштеріне иек артпақшы.

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ
Таяу арада БҰҰ-ның өкілдігі Ираққа келетін болады. Арнайы жасақтарды құрудың қиындығына байланысты БҰҰ алдағы уақытта АҚШ-тың бастауындағы көп ұлтты қауіпсіздік күштеріне иек артпақшы. Себебі, аталған ұйым жасақтағысы келетін күштер қатарына әзірге ешқандай елдер өз өкілдерін жібере қойған жоқ.

Таяу уақыт ішінде Ираққа БҰҰ-ның шағын тобы келмекші. Сәрсенбі күні осы ұйымның бас хатшысы Кофи Аннан БҰҰ-ның жаңа өкілі Ашраф Жехангир Қазының басқаруындағы шағын топтың, Ирақтағы Ұлттық конференцияны өткізуге көмектесу мақсатымен, екі аптаға дейінгі уақытта бұл елге келіп қалатындығын растады. Алайда, таяу болашақта осы өкілдік тобының АҚШ-тың басқаруындағы халықаралық күштердің қолдауына сүйенетіндігін де бас хатшы айтып өтті. Себебі ҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесінде айтылғанындай арнайы күштер әлі қалыптасып үлгермеген.

БҰҰ-ның қолдауындағы арнайы жасақ құрамына өз әскерін жіберу-жібермеу сауалын қайта қарайтындығын Пәкістан елі мәлімдеп отыр. Аннан мырза осы ұйымның Ирақтағы арнайы өкілі ретінде пәкістандық дипломат Жехангер қазыны атағаннан кейін ресми Исламабад арнайы күштерін жіберу керек пе, жоқ па деген сауалды одан әрі тереңдете ойлана түскендей. Осы аптаның басында Пәкістан Ақпарат министрі Ирақта қалыптасып отырған қазіргі жағдай тұсында бұл елге әскер күштерін жіберу жөнінде Пәкістан өкіметінде ешқандай жоспардың жоқ екендігін мәлімдеген болатын.

Ал Қауіпсіздік кеңесі қарарына орай бұдан екі ай бұрын Ирақ егемендігінің ел азаматтарына тапсырылғаны белгілі. Сол қарарда Ирақтағы болашақ өкімет құрамының демократиялық жолмен сайлануына көмек көрсетудегі басты рөлдің БҰҰ-на берілгені белгілі. Ирақта соңғы кездері кепілдікке шетелдік адамдарды тұтқындау мен бомбалық жарылыстардың жиілеп кетуі шет елдік күштердің елге келуіне көлеңкесін түсіріп, басты кедергіге айналып отыр. Сондай-ақ, сарапшылардың пікірінше Қауіпсіздік кеңесіне мүше шешуші елдер арасындағы жарықшақ та әлі жазыла қоймаған. Бұл да халықаралық күштердің қалыптаспауындағы бір себеп болғандай.



Ұлттық конференция өз кезегінде Ирақтың аралық Кеңесі мүшелерін анықтап беруі тиіс. Ал, аталған Кеңес болса сайлауға дейінгі аралық өкіметтің жұмысына бақылау жасайтын болады. Ирақ басшылары қаңтар айына белгіленген сайлауларды өткізуде БҰҰ-ның көмегіне ділгір болып отыр. Ұлттық конфернеция бұдан бұрын шілденің 31-іне белгіленген болатын. Кейінірек ол екі аптаға жылжытылған еді. Бұл жөнінде бас хатшы Аннан мырза:

“Біздің ойымызша, тек әйтеуір дәл уақытында өткізу үшін ғана өткізілген, алайда жұмысы жаңсақтықтарға толы конференциядан гөрі өте жақсы ұйымдастырылған, мағанасы терең үдеріс маңыздырақ болса керек. Біз олармен одан әрі бірлікте жұмыс істей отырып, аталған ұмтылысымызды жалғастырудамыз”-, деді бас хатшы.

Аннан мырза бұл сауалдарды АҚШ пен Британияның БҰҰ-дағы елшілерімен жеке жағдайда, одан кейінірек Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 ел өкілдерімен ақылдасты.