Алматы қаласы аумағында iрi көлемдегi жер сiлкiнуi орын алуы ықтимал

  • Ескендір ЕРТАЙ
Алматы қаласы аумағында iрi көлемдегi жер сiлкiнiсi болуы ықтимал. Бұл мәселе бүгiн Астанада өткiзiлген Қазақстан Премьер министрiнiң орынбасары Ахметжан Есiмов өткiзген Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнiндегi мекемеаралық мемлекеттiк комиссияның отырысында белгiлi болды.

Қазақселденқорғау мемлекеттiк кәсiпорны “Болжау” ғылыми техникалық орталығының директоры Мұқтар Хайдаровтың айтуынша, бұрыннан жинақталған мәлiметтерге қарағанда iрi жер сiлкiнiстерiнiң 70-80 жылда қайталанатындығы аса қауiп туғызып отыр. Бұл фактi ғылыми да табиғи да дәлелденген нәрсе.“Жағдай бiз ойлағандағыдан да өте қауiптi.Ол кең көлемдегi жер сiлкiнiсi Жонғарияның Солтүстiк шығысынан басталып Оңтүстiк Тянь-шанның Шiлiк-Iле аңғарына ұласатын көрiнедi. Өйткенi, бұған дейiнгi көне iз солай қалыптасқан”,-дейдi Мұқтар Хайдаров.

Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Сейсмология институтының мәлiметiне қарағанда, тек Алматы облысының өзiнде жер сiлкiнiсiнiң 4 ықтимал кiндiкшелерi орналасқан. Оның үшеуi Алматы қаласынан оңтүстiк батысқа, оңтүстiкке және шығысқа қарай 15-тен 265 шақырымға дейiн, ал 4-шiсi Текелi қаласынан 120 шақырым шығысқа орналасқан.

Қазақстанның төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiнiң төрағасы Нұрахмет Бижанов жыл басынан берi Алматыда 800 сейсмикалық жаттығу, 300 штабтық командалық, 600 тактикалық оқулар өткiзiлгендiгiн айтады.

Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң Сейсмология институтының директоры Ерғали Нүсiпов:” Осыған байланысты 52 жаңа сейсмикалық стансаларды 40 күштi қозғалыстарды тiркеу пунктiн ашып, 1188-ден кем емес геодинамикалық сынық алаңдарын құру бiрiншi кезектi iске асырылуы тиiс. Жамбыл облысындағы жағдай ендi қайталанбауы тиiс,”- дейдi.

“Алматыдан апатты жағдайларға ұшырататын 420 жанар май құю стансаларының қауiпсiздiк ережелерiн сақтаған 160-сы қалдырылды. Республиканың барлық өңiрiндегi техногендiк жағдайларға ұшырататын жанар-жағар май бекеттерiн тексеру, бақылаумен мұнайлы өлкелер де қамтылып отыр”,- дейдi Ерғали Нүсiпов.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiгiнiң мәлiметiне қарағанда, соңғы үш жылда Алматы қаласында 930 миллион теңге бөлiнiп 54,9 мың шаршы метрлiк әлеуметтiк-тұрмыстық ғимараттар сейсмикалық жағынан нығайтылды. Биылғы жылы бұл жұмысты жалғастыруға 1 миллиард 500 миллион теңге жұмсау көзделiп отыр.