Саяси партиялардың сайысы басталды

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН
“Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі” қауымдастығы Қазақстанның барлық облыстарында өткізіп келген “Демократия институттарының бірі ретінде көппартиялық жүйені қалыптастыруға азаматтық қоғамның қатысуы” тақырыбына арналған саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың көрмесін Алматы қаласында жалғастырды.

Бұл көрмеде көзге ұрған бір ерекшелік аталған шараға президенттік партиялардың келмеуі болды. Бұған көрмеге қатысушылар өз реніштерін білдіріп жатты.

Өткен жылдың маусым айынан “Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі” қауымдастығы АҚШ-тағы “Халықаралық қатыныстардың Ұлттық Демократиялық Институтымен” әріптестікте “Демократия институттарының бірі ретінде көппартиялық жүйені қалыптастыруға азаматтық қоғамның қатысуы” тақырыбына арналған саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың көрмесін өткізіп келген.

Көптеген аймақтарда бұл бастаманы облыстық және қалалық ішкі саясат департаменттері қолдаған екен.

Бұл көрмені өткізудің басты мақсаты – ҚР азаматтарын жергілікті тіркелген саяси партиялар туралы ақпараттандыру және азаматтық не саяси мәселелер бойынша ашық партия аралық пікірталасқа қолдау көрсету дейді “Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі” қауымдастығының төрағасы Дос Көшім.

Енді осы жұма күні Алматыда өткен көрме турасында коммунистердің өкілі Қапез Мақұлбаев пен саясаткер Маржан Асфандиярова бұл шараға президенттік партиялардың келмеуіне реніштерін білдірсе, зейнеткер Совет Оралбаев партия өкілдерінің жауаптарына көңілі толмағанын жеткізді.