Баспасөзге шолу. 08-18-2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин саяси сахнадан көрініп тәуелсіз басылымдарға сұхбат бере бастады, сонымен қатар Афинадағы Олимпияда ойындары да мерзімді басылымдардың айрықша назар аударған тақырыбына айналыпты.
Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин қайтадан саяси сахнадан көрініп, тәуелсіз басылымдарға сұхбат бере бастады. Өткен аптада экс-премьер Әкежан Қажыгелдин “Алтын ғасыр”, “Еуразия интернет сайты” мен “Ассанди таимс” газеттеріне сұхбат берген болатын. “Ақ жол Қазақстан” басылымы өзінің соңғы санында осы сұхбатты қазақ тіліне аударып, газеттің айқарма бетінен орын беріпті.

Әкежан Қажыгелдиннің айтуынша, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев онымен бірнеше рет кездесуге әрекет жасаған. Олардың әуелгісі Джеймс Гиффен болған. Содан соң қайынатасының атынан Рахат Әлиев келіп, қайтып келіңіз, үстіңізден қозғалған қылмыстық істердің тоқтатылатынына кепілдік береміз деген.

Әкежан Қажыгелдин одан кейін Британия парламентшілерін салып жүріп Дариға Назарбаева бірігіп қызмет етейік деген ұсыныс жасағандығын айта келіп, Қазақстанның елшілерімен де, президенттің кеңесшілерімен де, арнаулы өкілдермен кездесулердің болып тұрғандығын тілге тиек етіпті.

Ал, Америка Құрама Штатында болып жатқан сот процесіне байланысты экс-премьер Әкежан Қажыгелдин мемлекет басшысының кеңесшісі болған Джеймс Гиффенді Америка Үкіметінің келісімімен Қазақстан сотының алдында да жауапқа тарту керек деп есептейді. Сондай-ақ Әкежан Қажыгелдин “Қазақгейт” мәселесін мәжілісте талқылайық деп ұлттық телеарнада тікелей эфир арқылы президент екеуміз кез-келген дебатқа шығайық деп бірнеше рет ұсыныс тастағанымен, оған ешкімнің жүрегінің дауаламағандығына да тоқталып өтіпті.

“Республика” басылымының соңғы санында жарық көрген Делла Тасымованың мақаласында, Джеймс Гиффен мен Нью-Иорктің оңтүстік аймағы прокуратурасы назарбаевтық режимді әшкерелеуші ретінде тариха қалады деп айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, дәл бүгінгі уақытта мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев уақытты созып, “Қазақгейтке” байланысты дау-дамайдың бәсеңсуін тосып отыр. Мақалада “Қазақгейт” оқиғасы Нұрсұлтан Назарбаевқа жанындағылардан қорқуға және ешкімге сенбеуге итермелеп отырғандықтан, мемлекет басшысы билік басынан кетпеуге бар күшін салады деген болжам жасалынған.

“Жас алаш” басылымының соңғы санында жарық көрген Баян Сәрсембинаның мақаласында облыстардың экономикалық мүмкіндіктері жоғарылаған сайын ел-жұртының кедейленіп бара жатқандығы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, “Көмірсутегі” ресурстарының қақ ортасында тіршілік кешіп жатқан жұрттың 75 процентінің тұрмыс жағдайы төмен деген ақпарат көкекте Ақтөбеде өткен экономикалық жиынның мінбесінде айтылыпты. Биылғы жылдың мамыр айында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы өкілі Гордон Джонсон осы мәселе жөніндегі көзқарасын ашық мәлімдепті.

Сонымен қатар сәрсенбі күнгі жарық көрген мерзімді басылымдар Афинада өтіп жатқан Олимпияда ойындарына да айрықша назар аударыпты. “Егемен Қазақстан” басылымының 18 тамыз күнгі санында жарық көрген Оңдасын Елубайдың мақаласында Олимпия ойындарының алтыншы күнге аяқ басқанымен, қазақ топырағына әлі қуанышты хабардың же қоймағандығы айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, жақында ғана зор үміт артып, Афинаға аттандырған спортшылардың бірінен соң бірі сәтсіздікке ұшырап жатыр. Дзюдо жекпе-жегінде үстіміздегі жылы өткен Азия чемпионатында күміс медаль олжалаған Сағат Садықов америкалық балуан Джемис Петродан ұтылып, жарыс жолынан шығып қалған. “Экспресс К” газетінің сәрсенбі күнгі санында жарық көрген Леонид Юрьевтің мақаласында да Сағат Садықовтың жеңілісінің қазақстандық жанкүйерлерге ауыр тигендігі айтылыпты. Мақала авторының айтуынша, қазақстандық дзюдоистердің командасы Афинадағы Олимпияда ойындарынан медаль алып қайтамыз деген үлкен сеніммен барған. “Әзірше бұл мақсат қол жетпейтін арман күйінде ғана қалып отыр. Өйткені кілімге шыққан бес дзюдошының ішінен тек Мұратбек Қыпшақбаевқа ғана ширек финалға шығуға қол жеткізді” дейді мақала авторы. Мақалада сондай-ақ 200 метр су жарысында Юлия Рысиктің үшінші орынды иеленіп, жартылай финалға шыға алмай қалғандығы да айтылыпты.

Ал, осы тақырыпқа айрықша көңіл аударған “Известия Казахстан” басылымы боксшылар Генадий Головкин мен Серік Елеуовке қазақстандықтардың үлкен үміт артып отырғандығына тоқталыпты. Мақала авторының айтуынша, осы аптада Генадий Головкин пәкістандық Ахмед Әли Ханмен, ал Серік Елеуов Доминикан Республикасынан келген Феликс Диаспен күш сынасады.

Сондай-ақ “Известия Казахстан” басылымының хабарлауынша, гимнастшы Ернар Ерімбетовтың да жетістіктері де қазақстандықтарға үлкен үміт артқызып отыр.

“Айқын” басылымы да сәрсенбілік санында Афинадағы Олимпияда ойындарына айрықша назар аударыпты. Осыған байланысты газеттің 6 бетінде Нұрғазы Жаппарұлының “Қазақстан спортшыларының Олимпиядадағы ойындары” деп аталатын мақаласы жарық көріпті. Мақалада Афинадағы олимипияда ойындарының қалай өтіп жатқандығы, қазақстандық спортшылардың қандай жетістіктерге қол жеткізіп жатқандығы егжей-тегжейлі баяндалыпты.