Астанада мектеп оқушыларына арналған көрме-жәрмеңке өтуде

  • Айнагүл САҒДИ
Тамыздың 19-ы күні Астанада «Балалар әлемі. Мектеп-2004» атты екінші қазақстандық көрме-жәрмеңке ашылды. Жәрмеңкеге қазақстандық жетекші өндірушілер мектепке қажетті оқу-әдістемелік құрал-жабдықтар, киім-кешектер, түрлі ойыншықтар мен портфельдерін ұсынуда. Көрмені тамашалаушылар тауарлардың барлығы сапалы, бірақ қалтаң көтере бермейді, алайда ақшаң болса, барлығын да сатып алуға болады дегенді айтуда.

Көрме-жәрмеңкеге қазақстандық жетекші өндіруші компаниялар мектепке қажетті құрал-жабдықтарын ұсынуда. Білім және ғылым министрлігі Орта білім департаменті директорының орынбасары Жұмажан Жүкенов көрмеге қойылған тауарлардың бағасы нарық бағасынан әлдеқайда төмен дегенді айтты. «Қойылған тауарларды ұсынушылардың өздері келіп, өз қолдарынан шыққан бұйымдарын оқушылар, ата-аналар, ұстаздарға әкеліп отыр. Мектеп оқушыларына арнайы ұйымдастырылғаннан кейін бұл жерде сатылатын заттардың бағасы да төмен», - дейді.

Жәрмеңкеге сондай-ақ, «Алматыкітап», «Мектеп», «Елорда», «Аударма» баспалары және «Оқулықтар» дүкені балаларға, ата-аналар мен ұстаздарға арналған әртүрлі әдебиеттерді ұсынуда. Мектеп оқулықтары, сонымен қоса балаларға арналған әдебиеттер және түрлі оқу-әдістемелік құралдар арзан бағамен сатылуда, - дейді баспа қызметкері Гауһар.

Ал мектеп оқушысы Нұрым көрмедегі заттарды дүкендегі мектеп оқушыларына қажетті құрал-жабдықтармен салыстырып көргендігін айтады. Өзінің дайындық кітаптарын осы көрмеден тапқанын, алайда, кей қажетті құрал-жабдықтар қымбат десе, Ержан «Бұл жерде сатылып отырған тауарлардың барлығы сапалы, сол себептен де қымбат. Мен өзім сөмке іздеп келіп едім, басқа жерге қарағанда арзан екен», - дейді.

Көрмеге қойылған тауарлардың сапасына көңілдері толғанмен, кей ата-аналар заттардың бағасына қанағаттанбай отыр. Орынжан Ыбыраева базардағы, дүкендегі бағалардан қымбатырақ, әзірге ештеңе алған жоқпын, тағы келіп көреміз, ақшаң болса барлығын да алуға болады дегенді айтса, Шерім Молдағалиев Орал облысынан келіп, көрмені тамашалап отырғанын, қай жерде болсын бағаның арзан еместігін айтады.

Ал Сәния Айтқожинаның айтуынша, мектепке баратын бір баланы киіндіруге орта есеппен алғанда 10 мың теңгедей ақша керек екен. «Дегенмен, әр ата-ананың табатын табысына да байланысты және балалардың киімдерінің бағасы да әртүрлі ғой. Арзаны да, қымбаты да бар», - дейді.

Қазақстанның білім және ғылым министрлігі, Астана қаласы әкімдігі және қалалық білім департаментінің қолдауымен қазақстандық «ФерЭкспо» компаниясы ұйымдастырып отырған жәрмеңке 3 күнге созылмақ.