Афиндағы Олимпиадалық ойындардағы төменгі көрсеткішке бапкерлер кінәлі ме?

  • Әселім ҚАЛКЕНҚЫЗЫ
Қазақстан Афинда өткен жиырма сегізінші Олимпиада ойындарында жалпы есеп бойынша қырқыншы орынды иеленді. Қазақстан спортшылары бір алтын, төрт күміс және үш қола жүлдеге қол жеткізді. 2004 жылғы олимпиада ойындардағы сәтсіздік үшін Дәулет Тұрлыханов Туризм және спорт агенттігі төрағасы қызметінен кетуі мүмкін. Бұл туралы Тұрлыханов журналистерге берген сұхбатында мәлімдеді: -Әрине мен төрт алтын медаль әкелеміз деп барлық жерде сайраған болатынмын. Енді бүгінгі күні менің қызметімнен кететін-кетпейтінімді елбасы шешеді. Елбасының қабылдауында боламын, сонда барлық жайды баяндаймын. Егерде елбасы осы жұмысты атқара алмадың десе, кетемін. Бірақ мен және менің командам спортшылар үшін барлық жағдайды жасадық. Дәулет Тұрлыханов Афиндағы жиырма сегізінші Олимпиада ойындарында алтын немесе күміске ілігеді деп үміт артқан бірқатар спортшылардың төменгі көрсеткішіне бапкерлер кінәлі, деп есептейді: -Бүгінде біздің көп жаттықтырушылармыздың қолынан спортшыларды жігерлендіру келе бермейді. Біз үміт артқан спортшылардың бапкерлеріне сенген едік. Туризм және Спорт агенттігі төрағасының осы мәлімдеуінен кейін, біз бірқатар спорт мамандарының пікірлерін білген едік. Еркін күрестен республика құрамасының бас бапкері Аманжол Бұғыбаевтың пікірінше, Афиндағы төменгі көрсеткіш бапкерлердің кінәсі емес. -Ол дұрыс емес. Бапкерлер болмаса барлығы дұрыс өтпес еді.Бәрі спортшының өзіне байланысты. Күрес, бокс спорт түрлерінің бапкерлері мықты деп санаймын. Еркін күрестен мемлекеттік бапкер Ғалым Тәттімбетовтің пікірі де осы жерден шықты. Бірақ, екі бапкер де Афиндағы олимпиада ойындарындағы сәтсіздіктің себебін ашып айтудан тартынды. -Айту қиын. Спортшыға байланысты, бұл жерде бапкерлердің қателігі жоқ. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спорттық мектеп-интернат директоры Қыдырбек Рысбековтың айтуынша… Спорт кадрларын жетілдіру мәселесіндегі біздің атқарған шараларымыздың қортындысы Афинда ашылды. Бұл жердегі сәтсіздіктің бәріне Дәулет кінәлі деген сөздер айтылып жүр. Бұл жерде Дәулет кінәлі емес. Білікті бапкерлердің тартылмауы. Білікті мамандарды әлемдік деңгейге көтеретін саясаттың болмауынан, біз осы олимпиадада қырқыншы орында қалдық. Сондай-ақ, жалпы Афиндағы жиырма сегізінші Олимпиада ойындарын теледидар арқылы тамашалаған Астана жұртшылығымен сұхбат жүргізген едік: 1.Осы олимпиада ойынындағы көрсеткішке қанағаттанбаймыз. Дәулет Тұрлыханов бес алтын медаль әкелеміз деп уәде берген болатын. Бес медаль емес, бір алтынға әрең іліктік. Спортшылардың дайындықтары жүз пайызға жақсы жүргізілген деп айта алмаймын. 2.Қазақстан сияқты үлкен ел үшін бір алтын деген аз. 3.Дайындық жақсы болғанымен,спортшыларымызға рух жетпеген сияқты. Талай алтын алатын жағдай болып еді. 4.Тұрлыханов төрт алтынмен келеміз деп еді,болмай қалды.Жалғыз алтынды інішегіміз әкелді. Әлі де болса, Қытайда болатын олимпиадада жоғары көрсеткішке қол жеткізуге тырысу керек. Туризм және спорт агенттігінің төрағасы Дәулет Тұрлыханов өз сөзінде, қазақстан спортшыларының олимпиядалық ойындардағы көрсекіштері таяу арады талқыланатын болады.Сондай-ақ халықаралық дәрежедегі спортшыларды даярлау жөніндегі жұмыстарды жетілдіру үшін нақты шешімдер қабылдаймыз деді.