Саясаттанушы С.Жүсіпов: «Халықтың сайлау алдындағы саяси белсенділігі өсіп келе жатыр»

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ
Дүйсенбі, қыркүйектің 6-сы күні саясаттанушы, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институтының директоры Сәбит Жүсіпов Қазақстандағы саяси партиялар мен олардың жетекшілері арасындағы танымалдылық, ықпалдылық және халықтың саяси белсенділігі тұрғысында 5 айға жуық жүргізілген зерттеу жұмысының қорытындысын жария етті. «Дәл қазіргі уақытта Қазақстан республикасында ресми түрде тіркелген 12 партияның 5-еуінің нағыз саяси күшке айналғаны, халықтың дауыс беру төңірегіндегі белсенділігінің өткен күздегі мәслихат сайлауына қарағанда едәуір көтерілгені байқалады» дейді саясаттанушы Сәбит Жүсіпов.

Саясаттанушы Сәбит Жүсіповтың айтуынша, Қазақстан халқының 58 пайызы өздерінің алдағы сайлауға қатысатынын білдіріпті. «Олардың 67 пайызы ауыл, 53 пайызы қала тұрғыны екенін айта кеткен жөн» дейді Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институтының директоры Сәбит Жүсіпов. Сондай-ақ саясаттанушы саяси белсенділік негізінен 35 жастан асқан азаматтар арасынан байқалды дегенді қоса жеткізді. «Саясат алаңында «Асар» партиясының пайда болуы да халықтың саяси селқостығына әсер етті. Және бір байқалатын үрдіс - кейінгі кездері «Асар» мен «Отан» партияларының арасында көрініс беріп жүрген өзара текетірес бей-жай электорататтың белсенділік танытуына түрткі болды» дейді Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институтының директоры Сәбит Жүсіпов:

- «Отан» мен «Асар» партиясының арасында орын алған арбасулар саяси пікірталас алаңын тіптен кеңейтіп жіберген сияқты.

«Наурыз айында жүргізілген сауалнама нәтижесінде сұрау салынған халықтың 33 пайызының ықыласына бөленген «Асар» партиясы өткен 4 ай ішінде осы дауыстың 10 пайыздан астамынан айрылып қалды. Дәл қазіргі таңда «сайлау осы жексенбіде өткізілетін болса, дауысыңызды қай партияға бересіз деген сауалға респонденттердің 27 пайызының дауысын иеленген «Отан» партиясы топ жарып тұр» дейді саясаттанушы Сәбит Жүсіпов. Оның айтуынша, осы мағынадағы сауал бойынша наурыз айында 8 пайызға жетер-жетпес дауысқа қол жеткізген «Ақжол» партиясы бүгінде «Отан» мен «Асардың» ізін өкшелеп, 3-ші орынға табан тірепті. «Бұл ретте «Ақжол» «Асар» партиясының жолын кес-кестеуде» дейді Сәбит Жүсіпов:

- «Ақжол» партиясы «Асар» партиясының электоратын тартып алуда. Бүгінгі таңда «Ақжолдың» рейтингі көтерілеп келе жатыр, тиісінше «Асар» партиясының рейтингі төмендеп барады.

Ал жұртшылықтың оппозиция өкілдеріне аса ықылас танытпауын саясаттанушы Сәбит Жүсіпов төмендегіше түсіндірді. «Сауалнамаға ат салысқан азаматтардың 50 пайыздайы осыдан 2 жыл бұрынғы зерттеулердегі сияқты елде экономикалық жағынан алға ілгерілеушілік бар деген пікір білдірді. Яғни, билікке наразы топ айтып жүрген көп уәделерге жұрт сене қоймайды» дейді Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институтының директоры Сәбит Жүсіпов:

- Оппозициялық-радикалдық бағыт ұстанған саяси құрылымдар әзірге халық арасында анау айтқан қолдауға ие бола қойған жоқ.

Сәбит Жүсіповтің айтуынша, республикалық телеарналарда жүргізілген саяси партиялар арасындағы пікірсайысты сұрау салынған азаматтардың 54 пайызы тамашалап, осы дебаттардың арқасында республикадағы саяси күштердің бағыт-бағдарымен толық таныс болғанын жеткізіпті. «Сайлау додасына дейін алда әлі 2 аптадай уақыт бар. Осы аралықта жарнама арқылы талай мәселелерді өзгертуге болады. Әзірге біздің зерттеулеріміз саяси жарнама жағынан Дариға Назарбаева жетекшілік ететін «Асар» партиясы топ жарып тұрғанын көрсетті» дейді Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық ақпарат және болжау институтының директоры Сәбит Жүсіпов.