Қарағанды облысындағы Абай қаласында 111 адам жұқпалы сары ауру дертіне шалдыққан

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН
Қарағанды облысындағы Абай қаласында 111 адам жұқпалы сары ауру дертіне шалдыққан деген диагнозбен ауруханаға жатқызылған. Бұл ақпаратты Қазақстан республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі таратып отыр. Агенттіктің мәліметі бойынша, тек соңғы тәулік ішінде жиырма азамат аталған диагнозбен қалалық ауруханаға жеткізілген.
Соңғы күндері жұқпалы сары ауру індеті Қарағанды облысындағы шағын қалалардың бірі – Абай қаласында кең етек ала бастаған. Сол себепті де қаладағы күнделікті ауыз судың сапасын арнайы лобараториялық тексеруден өткізу қатаң қолға алынған. Жиырмамың халқы бар Абай қаласында қазір эпидемияға қарсы барлық шаралар қолданылуда деп хабарлайды республиканың төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігі. Осы мәселеге орай алдымен қала тұрғындарының пікірін білгенімізде, Нұркен Қосылбеков есімді азамат бұл індеттің тарауына алдымен ауыз судың сапасыздығы себеп болып отыр дейді.

Енді осы мәселеге орай Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі агенттігіне хабарласқанымызда мекеме қызметкері Жетбісбай Рахметуллин арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеп жатқанын айтты.

Ал Қарағанды облыстық санитарлық эпидемиялогиялық басқармасының барлық қызметкері Абай қаласында жүр дейді мекеме хатшысы Ботагөз Айтжанова.

Алайда қала тұрғыны Нұркен Қосылбеков жоғарғы билік жеткілікті көңіл бөлмей бұл індетті ауыздықтау мүмкін емес дейді. Сөйтіп індеттің неден тарағаны он күннен кейін белгілі болады дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі агенттік қызметкерлері.