Көктөбе ауылының оқушылары құрылысы аяқталмаған мектепте білім алуда

  • Айнагүл САҒДИ
Биылғы жылдың наурыз айында Жамбыл облысының Көктебе ауылында 640 орындық орта мектеп салтанатты түрде ашылған еді. Алайда, ауыл тұрғындары мектептің құрылысы жартылай ғана аяқталғанын айтып, дабыл қағуда. Тұрғындар мектеп салуға бөлінген 125 миллион теңгенің көп бөлігі талан-таражға түскен, ал прокуратура, ұлттық қауіпсіздік органдары бұған көңіл бөлмей отыр деп есептейді. Бүгінгі таңда 300-ден аса оқушы мектептің тек жарамды деген сынып бөлмелерінде білім алуда. Мәкен Уақтегінің сөзімен айтқанда , алғашқыда бөлінген 30 миллион теңгеден астам қаржы жұғын болмаған. «1995 жылы ашық-шашық қалған құрылыс ғимараты жауын-шашыннан бүлінбесін деп ауыл тұрғындары ақша жинап, шатырын жапқан еді. Шатыры жабылып, қабырғасы қаланған құрылысты аяқтауға құпиялы өткізілген тендер бойынша «Алматытрансқұрылыс» мекемесі іске кіріскен болатын. Алайда, алғашқыда бөлінген қаржы жетпейтін болғандықтан, қосымша тағы да 90 миллион теңге бөлінді. Барлығы 125 миллион теңге жетпей қалып, талан-таражға түсті. Әне ашылады, міне ашылады деп әкімсымақтар жұртшылықтан жылу жинап, жылқы сатып алып, әбігерге салып жүріп, үстіміздегі жылы наурыз айының алғашқы күндері құрылысы толық аяқталмаса да ашылу салтанатын дүркіретіп атап өтті. Ал атын атамауымызды сұраған көктөбелік бір тұрғын құрылыстың басы-қасында болған екен. Оның айтуынша, құрылыс толық аяқталмай-ақ құрылысшылардың барлығы кетіп қалған.

Осы мәселеге қатысты Жамбыл облыстық білім басқармасына хабарласқанымызда, өзін бас маман деп таныстырған Бауыржан Сүттібаев «бұл жұмысты басқарма бастығы біледі, ол кісі қазір әкімшілікте, кейінірек хабарласыңыз», - дегенді айтты. Бұдан кейін басқарма бастығы Гүлжаһан Кәрібайқызына хабарласқанымызда, телефон тұтқасын көтерген оның хатшысы «Ол кісі демалыста, бірақ жұмысқа келіп-кетіп жүреді. Бүгін келе ме, келмей ме білмеймін», - деді.

Мәкен Уақтегі орын алып отырған әділетсіздіктерге қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облыстық департаментінен хабар кешіккеннен соң, Шу аудандық бөлімінің бастығы Болат Жанұзақовқа жолыққанында, ол тексеруді бастай беретіндіктерін білдірген. Алайда, Болат Жанұзақов «Мен ол жұмысқа араласқан жоқпын», - дейді.

Ал Мәкен Уақтегі болса, ұлттық қауіпсіздік комитетіне сенімсіздік танытып отыр. Оның айтуынша, Шу өңірінің тұрғындары бас қосып, сөз болып отырған мектепке бөлінген қаржының қайда кеткенін анықтамақ. Сол мақсатта қоғамдық тексеру комитетін құрмақпыз», - деді.