Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі дауыстарды қайта есептеу бастамасын көтеріп отыр

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН
Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі өкілдері парламент мәжілісіне сайлаудың бірінші кезеңінің қорытындысы жөнінде өз ұстанымдарын білдірді. Дауыстарды салыстырмалы санаудың Алматы қаласы бойынша нәтижесін шығарған олар, төртінші және бесінші округтерде дауыс берудің ресми қортындысы мен дауыстарды салыстырмалы санаудың мүлдем сәйкес келмейтіндігін анықтаған. Бұл өрескел заң бұзушылыққа сүйенген олар Алматы қалалық сайлау комиссиясы аталған округтарда бақылаушылардың, БАҚ және сенімді өкілдердің қатысуымен дауыстарды қайта есептеу бастамасын көтеріп отыр.
Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі өкілдері Қазақстанның он сайлау округінде дауыстарды салыстырмалы санау әдісін қолданғандықтарын айтады. Қалған сайлау округтеріндегі комиссия мүшелері бақылаушыларға әрнерсені сылтауратып, қорытынды хаттаманы бермеді дейді олар.

Жалпы бұл әдістің ережесі бойынша, учаскелік сайлау комиссияларынан алынған хаттамалардың қосындысын шығарып, оны округтік комиссияның қорытынды хаттамасымен салыстырылады. Бұл әдісті округтік комиссиялар деңгейіндегі дауыстарды санау кезінде жіберілген қателіктерді анықтау мақсатында пайдаландық дейді олар. Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі қауымдастығының төрағасы Дос Көшім бұл әдіс бойынша жүргізген зерттеулердің барлығында өрескел заң бұзушылықтарды тіркегендіктерін айтады.

Сондай-ақ тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесінің сайлауды бақылау жөніндегі жобалардың директоры Мұрат Тұңғышбаев біздің есебімізше төртінші сайлау округінен Бояркин отыз сегіз прцент дауыс алса, Ертілесова жиырма екі процент дауыс алған. Ал орталық сайлау комиссиясының шешімі бойынша бірінші турда Бояркин жеңген. Сондықтан да мұны қайта санау қажет дейді ол.

Сонымен қатар Павлодар облысындағы елу екінші сайлау округінен үміткер болып тіркеліп, сайлауға бір күн қалғанда жарыс жолынан шығып қалған Сламбек Әкімов өзінің шағымын Жоғарғы сот қанағаттандырғанымен Орталық сайлау комиссиясы ол шешімге әлі пысқырып та қарамай отырғанын айтады.

Алайда бұл турасында заңгер Ертіс Маусымбаев Жоғарғы соттың Сламбек Әкімовтың пайдасына шешкен қаулысын Орталық сайлау комиссиясы орындайтын түрі жоқ дейді.

Мұндай заңсыздықтардың республика бойынша мыңшақтысын тіркеген тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі қауымдастығының заңгері Жан Күнсеркин бір Алматы қаласы бойынша 350 заң бұзушылықтың 150-ін бүгін қалалық прократураға бермекпіз, 37-ін ОСК-на тапсырамыз дейді ол.

Сөйтіп тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі өкілдері өз ұстанымдарын барлық құзырлы орындарға білдіретіндіктерін айтып отыр.