Алматыда өлім жазасына қарсылық күніне орай басқосу болды

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ
Қыркүйек айының 29-ы күні Алматыда Орталық Азиядағы “Penal Reform International (PRI)” ұйымының бастамасымен құрылған 10 қазан өлім жазасына қарсылық күніне орай, Қазақстанның мемлекеттік емес секторының, халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық миссия өкілдeрінің қатысуымен басқосу болды.

“Penal Reform International (PRI)” ұйымының Орталық Азия елдіріндегі өкілдігінің директоры Вера Ткаченконың айтуына қарағанда, өлім жазасына қарсы халықаралық коалиция 2003 жылы 10 қазанды “өлім жазасына қарсы күн” деп жариялады. Ол: “Орталық Азия мемлекеттері өлім жазасын қолданудан біртіндеп бас тарту үдемелі саясатын іске асырып келе жатыр. Бұған 1998 жылы Қырғызстан, 2003 жылы Қазақстан және 2004 жылы Тәжікстан елдерінде өлім жазасына қарсы мораторий енгізуі дәлел болып табылады”, деді.

“Penal Reform International (PRI)” ұйымының келтірген деректеріне қарағанда, қазіргі таңда әлем мемлекеттерінің 111-і өлім жазасы мүлдем қолданданбайды. 76 мемлекет кез-келген қылмыс үшін өлім жазасына кесуден бас тартты. Ал 15 мемлекетте өлім жазасын қолдану тек соғыс жағдайы кезінде ғана іске асырылады және 20 мемлекет дефакто тәжірибесі жүзінде өлім жазасынан бас тартқан.

БҰҰ-ның Орталық Азия аймақтарындағы адам құқығын қорғау кеңесшісі Рейн Мюллерсон: “Өлім жазасынан бас тарту бұл саяси батылдық болады. Қандай қылмыс жасаған адам болса да оған өлім жазасы кесілмеу керек”. Рейн Мюллерсон мырзаның айтуына қарағанда, өлім жазасынан түбегейлі бас тарту қылмыс деңгейінің өсуіне ешқандай әсері болмайды. Ал халықаралық ОБСЕ ұйымының өкілі Бьерн Халварссон:

“ОБСЕ ұйымына мүше 55 мемлекеттің 43-і өлім жазасынан түбегейлі бас тартқан. ОБСЕ ұйымының өткен жылғы мониторингі қорытындысы бойынша 5 мемлекет тұрақты түрде өлім жазасын қолданатын болса биылғы жылы олардың саны 2 мемлекетке азайды”, дейді.

Халықаралық адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау бюросының директорының орынбасары Жеміс Тұрмағанбетова бүгінде Қазақстанның өлім жазасынан түбегейелі бас тартуына төмендегі жағдай себеп болып отыр дейді:

-Бірінші кедергі - сот үкімін шығарушылардың кері түсінігі. Өткен жылдың бірінші жарты жылдығында 12-ден 15-ке дейін өлім жазасына үкім шығарылса, биылғы жылы алты айдың ішінде 1-ақ үкім шығарылды. Қазірге Қазақстанда өмір бойы түрмеде отыруға үкім шыққан үш адам бар. 27 адам өлім жазасына жарияланған мароторийдың астында жүр. Оның 13-і рақымшылық комиссиясынан өтті. Бірақ оларға ешқандай қайырымдылық шешімі шықпай отыр. Қалған 13-інің түрмеде отыру мерзімін 25-30 жылға ауыстыру, олардың өмірін сақтап қалу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз.

Сарапшы маман Саян Мейірбеков: “Өлім жазасын алып тастауға болмайды. Ауыр қылмыс жасап бірнеше адам өлтірген адамның өмір сүруге моралдық құқы жоқ”, дейді.

Осы орайда біздер қатардағы азаматтардың да пікірлерін білген едік.

Бірінші азамат:

-Өлім жазасын алып тастау дұрыс емес секілді. Онсызда қылмыс қазір көбейіп барады. Жазаның жеңілдегенін білгендер ойларына келгендерін істейтін болады.

Екінші азамат:

-Қайдан білейін. Өмір бойы түрмеде отыру дейді. Қылмыскер өмір бойы түрме де отыра ма жоқ па? Ол жағына біздің көзіміз жетпейді.

Үшінші азамат:

-Мен жауап бере алмаймын. Қиын мәселе.