Орталық Азияның таулы аймақтарында орналасқан ауылдарының азаматтары Алматы қаласында бас қосты

  • Нұрбол ҒАБДЫЛХАМИТ
Орталық Азияның таулы аймақтарында орналасқан елді-мекендер бүгінде халықаралық гранттар есебінен күн көруде. Ауылдардың түрлі донорлық ұйымдармен байланысын қамтамасыз етіп отырған Орталық Азия таулы аймақтар қоғамдастығы Альянсының президенті Ишенбек Мұсақожаевтың айтуынша, жұмыс істеп жатқанына 3 жыл болған Альянсқа Қазақстаннан 2, Қырғызстаннан 7, Тәжікстаннан 5 елді-мекен мүше. Дүйсенбі, қазанның 4-і күні аталған 3 мемлекеттің таулы жерлерінде орналасқан ауыл азаматтары Алматы қаласында бас қосып, өздеріне ортақ проблемаларды талқылады. Альянсқа мүше Алматы облысы Саты ауылының азаматы Сәтпай Сыбанқұлов: «дәл қазір таулы аймақтарда орналасқан елді-мекендердің тұрғындары ақпараттан қағажу көріп отыр және қордаланған мәселелерін шешу үшін кімге иек артарларын білмейді» дейді.

Қазақстаннан Орталық Азия таулы аймақтар қоғамдастығы Альянсына мүше Алматы облысының Амангелді және Саты ауылдары екен. Жеке шаруашылықпен айналысып, әлеуметтік ахуалын әжептәуір түзеп алдым деген Сәтпай Сыбанқұлов осы Альянсқа мүше Саты ауылының азаматы. Ол осыдан бір жыл бұрын Саты ауылындағы Альянс қарамағына енетін аймақтық-қоғамдық өзін-өзі басқару ұйымының төрағасы болып сайланыпты:

- Біз 500 доллар грант алып, қазір клуб салып жатырмыз. Одан басқа ағаштан есік-терезе жасайтын цех жұмыс істейді. Одан басқа осы Альянстың көмегімен салынған нан жабатын цех бар. Бұдан өзге тағы да 500 доллар алып, 14 қой сатып алдық. Қазір соны өсіріп жатырмыз. Жалпы айтқанда, ауылдың инфрақұрылымына не жетіспейді, біз соған жоба жасап Альянсқа ұсынамыз. Альянс оған қажетті материалдарға қаржы бөледі. Біз өз күшімізбен қалған жұмыстарды атқарамыз.

Ал Сәтпай Сыбанқұловтың әріптесі, Қырғыз республикасының Ош облысының 1 май ауылының тұрғыны Тоқтағұл Қалықов: «таулы аймақ азаматтарының жүйелі түрде пікір алмасып отыруы және сырттан келетін қаржылық қолдаулар ауылдар ахуалына айтарлықтай әсер етті» деп отыр:

- 90-шы жылдармен салыстырғанда 2003-2004-ші жылдары ауылда жақсы-жақсы өзгерістер болды. Бұрын бәленбай жыл істемей жатқан кәсіпорындар қайта іске қосылып, ауылдың тірлігі жақсарып қалды.

Орталық Азия таулы аймақтар қоғамдастығы Альянсының президенті Ишенбек Мұсақожаев «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Альянс негізінен 4 басым бағытта жұмыс істейді дегенді айтты. Олар: жер қойнауын тиімді пайдалану, түрлі салада өнім өндіру, елді-мекендердің ахуалын көтеру және саяси диалогтарды дамыту екен. Бұл ретте Ишенбек Мұсақожаев Альянстың жылдық бюджеті орта есеппен 70-80 мың еуроны шамалайтынын айтты:

- Біздің 1 жылдық бюджетіміз 70-80 мың еуроны құрайды.

Альянс президенті Ишенбек Мұсақожаев: «таулы аймақтарда орналасқан елді-мекендер ішінде ерекше қиындықтарға тап болып отырған Тәжікстан ауылдары» дегенді айтты. Өйткені, Тәжікстан аумағының 93 пайызын таулы жерлер алып жатыр. Ал Альянсқа мүше Тәжікстанның Тавдем ауылының тұрғыны Құданазар Оташбеков: «біз өткен бір жыл ішінде қыруар шаруа тындырдық» деп отыр:

- Күні бүгінге дейін біз 7 жобаны жүзеге асырдық. Соның біреуі - Тәжікстанның 2 елді-мекенінің арасына ұзындығы 2 жарым шақырымды құрайтын су құбырын тарттық. Бұл жұмыстарға «Ага-Хан» қоры 25 мың доллар қаржы бөлді. Осындай шаруаның арқасында 40 гектар жерге себілген дәнді-дақылдарымызды суғардық.

Алматыдағы бас қосуларының барысында Орталық Азия таулы аймақтар қоғамдастығы Альянсына мүше елді-мекен азаматтары Альянстың жаңа басшылығын тағайындап, алдағы жылға арналған бюджетін бекітпек.