Сайлау науқанынан кейінгі Қазақстан оппозициясының жағдайы

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ
Қазанның 4-і күні Алматы қаласының Әуезов аудандық әкімшілік сотында “КП-ҚДТ” оппозициялық одағынан ҚР Парламенті депутаттығына кандидат болған үміткерлер Асылбек Қожахметов, Маржан Аспандияровалардың үстінен қозғалған әкімшілік соты одан әрі жалғасын тапса, Бақтылы Түменованың үстінен қозғалған әкімшілік іске шешім шықты. Сот отырысы ашық деп жарияланғанымен оған БАҚ өкілдері жіберілмеді. Асылбек Қожахметовтің ісі бойынша сот отырысына сенатор Зәуреш Баталова куә ретінде шақырылып, түсінік берді. Сотта Асылбек Қожахметовтың Бостандық аудандық полиция бөлімшесінің кейбір қызметкерлерін сотқа шақырып, түсінік алу туралы өтініші қанағаттандырылмағаны белгілі болды. Осы орайда.

Асылбек Қожахметов:

“Судья мен прокурор іске бір жақты қарап, әділетсіздікке жол беріп отыр. Сондықтан мен судья Арғынбаева мен прокурор Қасымбаевты ауыстыру жөнінде Әуезов аудандық сотына өтініш түсірдім” деді. Асылбек Қожахметовтің өтініші бойынша, судья Арғынбаева мен прокурор Қасымбаевқа микрофон ұсынып пікірлерін білмек болғанымызбен олар түсінік беруден бас тартты.

Келесі айыпталушы Бақтылы Түменованың ісі бойынша әкімшілік іске төрелік етуші Рая Өтегенова ханым түстен кейін шешім шығарды. Бақтылы Түменоваға ҚР әкімшілік кодексінің 373 бабының 1 тармақшасы бойынша “қоғамдық тәртіп бұзып, заңсыз жиын өткізді” деген айып тағып, оған 20 айлық есептік көрсеткіші негізінде 18380 теңге айыппұл төлеуге шешім шығарды. Шешімге қанағаттанбаған жағдайда 10 күн ішінде қалалық сотқа шағымдануға болатындығын айтты.

Алайда Бақтылы Түменова:

“Шешімнің осылай болатындығын білгенмін. Мен қалалық сотқа шағымданамын. ҚР Парламентіне депутаттығына кандидат болғанымда өзімді заң бұздым деп санамаймын” дейді. Біз Бақтылы Түменованың ісі бойынша судья Рая Өтегенова ханымға микрофон ұсынғанымызда, ол: “ешқандай түсінік бермеймін, менің кабинетімді босатыңдар” дегенді айтты.