Құрама Штаттары, Германия және Пәкістан елдері Ауғанстанда өткен алғашқы елбасылық сайлауларын қызу қуаттады

Ақ Үйдің Ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Кондолеза Райс бұл сайлаулардың заңды науқан ретінде есептелетіндігін айтты. Дей тұрғанмен, елбасылыққа үміткер басқа 15 кандидат бұл сайлауларды әділетсіз өтті деп бағалап отыр. Еуропадағы қауіпсіздік және ықпалдастық ұйымы бұл үміткерлердің қорытындыларды жоққа шығарып, сайлауларды қайта өткізу жөніндегі қойып отырған талаптары орынсыз деген тоқтамға келді. Осы ұйымның елшісі Роберт Бари бұл жөнінде: “Басқа үміткерлердің бұл сайлауларды жоққа шығару жөніндегі талабы орынсыз деген, Ауғанстан-БҰҰ-ның сайлауларға байланысты біріккен әкімшілік мәлімдемесімен біз келісеміз,”-деген еді. Сайлау науқанына жауапты ресми өкілдердің айтуынша, оның қорытындылары айдың соңына дейін белгілі болуы мүмкін.