Қазақстан мен Татарстан бірінші кезекте мұнай-химия саласындағы ынтымақтастықты дамытатын болады

Қазақстан үкіметінің басшысы мұнай - химия саласында Татарстанның тәжірибесі және экономикалық мүмкіншіліктері мол деген пікірін білдіртті. Бұл қазақстанның экономикасына нағыз жетпей тұрғане нәрсе,- деді Қазақстан премьер – міністрі Даниял Ахметов.

Қазақстан премьер-міністрінің хабарлауынша, Қазақстан үкіметінде үш жұмыс тобы құрылған. «Бұл топтар, ай сайын біздің ойға алған жоспарлар мен шешімдердің іске асуын қадағалап отыратын болады», - деді премьер-міністр. Өз кезегінде, Татарстан президенті Мінтемір Шаймиев, - «Екі тарап арасында шешілмейтін мәселелер жоқ», - деді. Шаймиев, Қазақстан мен Татарстан арасында бауырлас, достық байланыстың қалыптасқанын айтып, бүгінгі күнгі ынтымақтастықтың екі ел әлеуетінен әлдеқайда төмен жатқанын айтты.

Қазақстан премьер - міністрі хабарлағандай, мұнай өндіру, машина жасау және өндіріс салаларында да Татарстанмен жұмыс жүргізіледі. Премьердің мәліметінше, Татарстанда кен орындарын тиімді игерудің жолдары жасалған, ал Қазақстан осы проблемамен көптеген жылдар бойы айналысып келеді. «Әлбетте, Қазақстанды қорғаныс мәселесі де толғандырады. Бұл салада біз, Татарстанның тікұшақ жасау зауытымен қарым - қатынасқа көп көңіл бөліп отырмыз», - деді Қазақстан премьер – міністрі Даниял Ахметов.

Ал, қазақстандық журналистердің бірі Жұмабай Доспановтың пікірінше, Қазақстан мен Татарстан арасындағы экономикалық қатынастан Қазақстанның қорғаныс саласына түсетін пайда шамалы:

-Атырауда бұрыңғы тікұшақ жасайтын зауыт бар еді. Бірақ, ол осы күнде толық қуатында жұмыс жасамайды. Әскери қуат үшін Татарстан пәлендей нәрсе істей қояды деп ойламаймын. Екі республика басшыларының байланысымен ғана шектеліп қалуы мүмкін.

Қазақстандағы сапары барысында Татарстан президенті Мінтемір Шаймиев журналистердің Ресей президенті Владимир Путиннің федерациядағы губернаторларды сайлаудан бас тарту ұсынысына қалай қарайсыз, деген сұраққа бұл ұсынысты қолдаймыз, бірақ, оны жүзеге асыру мәселесінде өз көзқарасымыз бар деп жауап берді.

Бұл демократиялық ел боламыз дегендер үшін маңызды деді Татарстан президенті. Ал, қазақстандық журналистердің бірі Жұмабай Доспановтың пікірінше, Татарстан президенті демократиялық бағыттағы адам емес.

- Енді, Татарстан мұсылман республикасы Қазақстанмен байланыс жасағысы келеді. Бірақ, оның президенті демократиялық адам деп айта алмаймын. Көршісі Башқортастанмен екуінің президенттері де Ресей федерациясының бірінші басшысына жалтақтаумен өз халқын ұмыта бастаған адамдардың бірі.

Қазақстанда тыйым салынған партия өкілі саясаткер Әміржан Қосановтың пікірінше, Татарстан үлкен Ресейдің ішінде жатқан шағын ұлттық субъект. Сондықтан, оның лидері байсалды саясат жүргізіп отыр дейді. Саясаткер Әміржан Қосановтың ойынша, Қазақстан үшін, діні ортақ елдермен қатынасты жалғастырған жөн.

- Дініміз, діліміз жағынан жақын халықтарменен берік қатынасты жалғастыра беруіміз керек. Керісінше, біз оларға көмектесуіміз керек, өйткені Ресей Федерациясындағы губернаторларды сайлаудан бас тарту сияқты тенденциялардан келетін қиындықтар ұлттық субъектілерге қатты тиеді.

Қазақстандағы экономика ғылымдары докторларының бірі Атамұрат Шаменнің пікірінше, Татарстанмен ықпалдастықты дамыта берген абзал.

- Олардың мұнай саласында, химия саласында, машина жасау саласында істеп келе жатқан шаралары бар. Әрі бізге жақын туыс ел.

Татарстан президенті хабарлағандай, Ресейдің Қазақстандағы жылы шеңберін ескере отырып Татарстан делегациясы Қазақстандағы мәдени шараларға қатыспақшы. Экономика ғылымдарының докторы Атамұрат Шаменнің пікірінше, бұл салада да Қазақстан үшін, Татарстанмен араласқан тиімді.

- Ресеймен Қазақстанның жылы төңірегінде Ресейдің баяғы 70 жылдан бері айтқан әндерін тыңдай бермей, бұлардың да Шығысқа тән мәдениетін басқа қырынан көрсетіп жатса, оның өзі жаңалық.

Әйтседе, Татарстан делегациясының құрамында әртістерден гөрі міністрлер мен кәсіпкерлер басым, демек көп көңіл экономикаға бөлініп отыр, дейді қазақстандық саясаткерлер.