ЕуроОдақтың сыртқы істер министрлері ЕуроОдақ жетекшілерінің осы аптаның соңында өтетін бас қосуына дайындалу үшін бүгін Брюссельде жиналды. 4-5 қараша өтетін бұл бас қосуда ЕуроОдақ ішіндегі реформалардың экономикалық мәселелері талданады деп күтілуде. ЕуроОдақ лидерлері, сондай-ақ, Ираққа көмек беру мәселесі мен Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі ахуалды қарастыруға тиіс. Журналистермен бүгінгі кездесуі кезінде неміс сыртқы істер министрі Йошка Фишер - жұма күні Ирақтың уақытша премьер-министрімен кездесіп, Ирақтың құқық қорғау мекемесі мен заң жүйесіне көмек беруді ұсынатынын мәлімдеді.