Қазақстанның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше тұрғындардың төрт пайызы кедейшіліктің ең төменгі шегінде өмір сүріп жатыр

  • Ескендір ЕРТАЙ
Қазақстанда әрбір тұрғынға шаққандағы айлық орташа ақшалай табыс көрсеткіші жоғары мұнайлы Атырау және Маңғыстау облыстарында кедейшіліктің ең төменгі шегінде өмір сүріп жатқандар тиісінше 34 және 39 пайызды құрайды. Ал Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда, республика халқының төрт пайызы ғана кедейшіліктің ең төменгі шегінде өмір сүріп жатыр. Сарапшылар Қазақстандағы бұл ең төменгі күн көріс деңгейін халықаралық ұйымдардың ұсынып отырған өлшемдері негізінде анықтау қажет деген пікірде.

Қазақстанның Статистика және талдау агенттігі Астана қалалық басқармасының бастығы Әнуарбек Дәуренбековтың айтуынша, биыл Қазақстандағы жан басына шаққандағы орташа табыс 12259 теңгеге жеткен.

Астанада- 24307 теңге, яғни, республикалық орташа көрсеткіштен екі есе жоғары. Атырау облысында -29566 теңге, Маңғыстауда- 27533 теңге. «Ал күнкөрістің ең төменгі шегінде өмір сүріп жатқандар санының көптігі жағынан Атырау және Маңғыстау облыстарын Астанамен салыстыруға әсте болмайды»,-дейді Әнуарбек Дәуренбеков. Қазақстанның Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің департамент директорының орынбасары Гүлнәр Тоқсейітова болса, Қазақстандағы ең төменгі кедейшілік шегінде өмір сүріп жатқандар саны республика халқының 4 пайызынан аспайды. Демек, бүгінде 610 мыңға жуық қазақстандықтың айлық табысы 2150 теңгеден төмен. «Атаулы әлеуметтік көмек тек осындай жандарға беріледі,»-дейді Гүлнәр Тоқсейітова. Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік мәдени даму комитетінің мүшесі Аманкелді Айталы республикалық статистика және талдау агенттігі де, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі де елдегі жұмыссыздық, кедейшілік секілді әлеуметтік құбылыстарды шынайы көрсетпейтіндігін айтады. «Шындығында айлық күн көрісі 2100 теңгеден төмен болып отырған адамдарды кедей дегеннен гөрі қайыршылық тауқыметін тартып жүргендер деп есептеген жөн»,-дейді.

Қазақстан Парламенті Мәжілісінің бұрынғы депутаты Хайрат Шалабаевтың айтуынша, мемлекеттік мекемелер Кеңес дәуіріндегідей көрсеткішті жоғары көрсететін жалған ақпараттар жасауға үйір. «Сол арқылы экономикалық көрсеткіштер үнемі өсіп келеді, әлеуметтік жағдай жақсара бастады деп көрсеткісі келеді. Бірақ, одан халықтың жағдайы түзеле қойған жоқ. Әсіресе, ауылдық жердегі халықтың күн көрісі өте қиын»,-дейді Қайрат Шалабаев.

Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі департамент директорының орынбасары Гүлнәр Тоқсейітова болса, Қазақстанның экономикалық көрсеткіштерінің өсуіне орай халықтың әлеуметтік жағдайы да жақсарып келеді. Жаңдан жұмыс орындары ашылуда. Оған жергілікті әкімшіліктер зор көңіл аударып отыр»,- дейді.

Парламент Мәжілісінің депутаты Аманкелді Айталының пікірінше, Қазақстандағы ең төменгі күн көріс деңгейін халықаралық ұйымдардың ұсынып отырған өлшемдері негізінде анықтау қажет. Дүниежүзілік даму банкісінің сарапшылары орташа күнкөріс мөлшері тәулігіне бір доллар деп тапса, қысы ұзақ және қуатты тағамдарды қажет ететін солтүстік өңірде тәулігіне екі доллар деп есептесе де болады деген ойды айтады.

Қазақстанның Стастика және талдау агенттігі Астана қалалық басқармасының бастығы Әнуарбек Дәуренбековтың айтуынша, қазір астаналықтардың жан басына шаққандағы орташа табыс деңгейі 24 мың теңгеден асса, орташа жалақы 300 доллар көлемінде қалыптасып отыр. Ал, ең төменгі күнкөріс шегінде өмір сүріп жатқандар қала халқының 2,7 пайызын құрайды.