Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті соңғы алты жылда Шығыс Түркістан Ислам партиясына қатысы бар 14 адамды Қытайдың арнаулы қызметіне тапсырды

  • Ескендір ЕРТАЙ
Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті соңғы алты жылда Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданын бөліп алу пиғылындағы ұйымға қатысы бар 14 адамды Қытайдың арнайы ұйымдарына табыс еткен. Бұл туралы қарашаның 16-сы күні Қорғаныс министрлігінде сенаторлардың қатысуымен терроризм тақырыбында өткен жиында Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Владимир Божко мәлімдеді.

Қазақстанның Қорғаныс министрі Мұқтар Алтынбаевтың айтуынша, терроризмге қарсы күресу үшін оның түп тамырын алдын ала жан жақты зерттеп оның себептерін анықтап алу күн тәртібінде тұр. Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Владимир Божконың айтуынша, террорлық пиғылдар Кеңес дәуірінен кейінгі әлеуметтік тұрмыстық жағдайдың аса қиындыған тұсынан бастау алады. «Бейбіт уақытта тұрмыстық тығырыққа тіреліп, амалы таусылғандар мол ақшаға қызығып террорлық құрылымдарға өтіп кетті»,-дейді.

Парламент Сенатының халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік жөніндегі комитет төрағасы Жабайхан Әбділдин болса, құзырлы мекемелер терроршылармен күрестің жөні осы екен деп қарапайым жандарға күдік келтіріп, олардың азаматтық құқықтарын ешқандай бұзуға болмайтындығын айтады. «Терроршыларға қарсы күрес кезінде бейбіт адамдар қиянат жасалмауы тиіс»,- дейді сенатор.

Ал, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Владимир Божко соңғы уақытта құзырлы мекеменің нақтылы жұмыстарды атқара бастағандығын айтып отыр. Оның бірі – Қазақстанда «Әл қаида» ұйымына қатысы бар топтың әшкереленуі. Соңғы алты жылда Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданын бөліп алу пиғылындағы Шығыс Түркістанның Ислам партиясы ұйымына қатысы бар 14 адам Қытайдың арнаулы қызмет орындарына тапсырылыпты. Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Владимир Божко Кавказдағы түрлі қақтығыстарға қатысушылардың қатарында Қазақстанда туып өскен жандардың болғандығын, олырдың кез-келген уақытта тыныш елде қарулары мен жарылғыш заттарын сақтау үшін келуі мүмкін екендігін айтады. «Мәселен, Бесландағы қанқұйлы оқиғаға Қазақстанда туып, өскен соң Ингушетияға көшіп кеткен азамат қатысқан»,- дейді.

Ал, Парламент Сенатының халықаралық істер және қорғаныс комитетінің төрағасы Жабайхан Әбділдиннің айтуынша, халықаралық терроршылдықты ислам дініне телитін, сол арқылы мұсылман атаулыны құбыжық қып көрсетушілер көбейіп барады. Владимир Божко террорлық оқиғаларға қатысушыларды баулитын ұйымдарда тұрмысы ауыр адамдардың психологиясына әсер ете алатын және шешендік өнерге бейім дәріс оқушылар жұмыс істейді. «Ташкендегі жарылысты ұйымдастырған Бекмұрзаев осындай психолог және орақ тілді шешен. Ондай адамдардың қармағына әйелдер жиі ілінеді. Шахидтікке баулитын да солар»,-дейді Владимир Божко.

Владимир Божко бүгінгі күні Қазақстанда ресми тіркелген 3215 діни мекемелер мен ұйымдар бар екендігін олардың жұмысын реттеу үшін Қазақстандағы діни сенім бостандығы туралы мәселені заңды тұрғыда қайта қарауды ұсынады.