Баспасөзге шолу. 11- 18 - 2004

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ
Оппозициялық бағытты ұстанатын басылымдарда “Қазақгейт” соты туралы жаңа деректердің пайда болып жатқандығы айтылыпты. Кейбір тәуелсіз басылымдар “Наурыз банк” төңірегіндегі ахуалдың шиеленісуіне Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтың қатысы бар деген қорытынды жасапты. Ал, “Экспресс К” газетінің бұрынғы бас редакторы Игор Шахнович “Казкоммеpцбанкке” қарсы материалдар жазуға билік тарапынан тапсырыс болғандығын мәлімдепті.
“Сөз” басылымының бейсенбі күнгі санында жарық көрген “Еуразия” интернет-парақшасынан көшіріліп басылған мақалада, 2005 жылдың қаңтар айында, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кеңесшісі болған Джеймс Гиффенге қатысты сот процесінің жалғасын табатындығы тілге тиек етіліпті. Мақалада Қазақстан Президентінің экс-кеңесшісі Джеймс Гиффеннің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен тығыз қарым-қатынаста болып АҚШ тың барлау ұйымдары үшін маңызды мәліметтерді жеткізіп тұрдым деп мәлімдеме жасауы, сот процесінің созылуына ықпалын тигізіп отырғандығы айтылыпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, Джеймс Гиффеннің қорғаушылары, Орталық Барлау Ұйымының одан түрлі мәліметтер алып тұрғандығын жасырмағандығын мәлімдепті. Джеймс Гиффеннің айтуынша, Қазақстан Президентіне пара беру арқылы ол Мемлекет басшысынан Америка Құрама Штатының барлау ұйымдары үшін аса маңызды мәліметтерді алып тұрған. Сондай-ақ мақалада Америка Құрама Штатының әділет департаментінің жанындағы Орталық Барлау басқармасының өкілі Роберт Уоллэйстың американдық бизнесмен Джеймс Гиффеннің Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен тығыз қарым-қатынаста болып, одан құнды мәліметтерді алып тұрғандығын растағандығы туралы дерек келтіріліпті.

Бұл тақырыпқа айрықша назар аударған “Жұма таймс немесе Дата недели” апталығында “Қазақгейт” жабық тақырып”, “Нью-Йорктың оңтүстік аймағының орталық соты Гиффенге қарсы”, “Өте үлкен көлемдегі пара үшін Отанға жасалған сатқындық” атты мақалалар жарық көріпті. “Жұма таймс немесе Дата недели” апталығындағы “Вашингтон таймс” газетінен көшіріліп басылған мақалада Джеймс Гиффеннің Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мүшелерінің шет елдегі есеп-шоттарына миллиондаған доллар ақша аударып тұрғандығы туралы дерек келтіріліпті. Мақалада сондай-ақ “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлының “Қазақгейт” мәселесінің республикада жабық тақырып болып табылады деп мәлімдегендігі мысалға алыныпты. “Ақ жол” партиясының тең төрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлының айтуынша, Қазақстандағы көптеген азаматтар президент сайлауы жақындаған сайын “Қазақгейт” туралы шындықты білгісі келеді екен.

“Жас алаш” басылымының бейсенбілік санында жарық көрген Рұслан Ерболұлының мақаласында Қазақстан экономикасының көлеңкелі топтардың қолында отырғандығы айтылыпты. Мақала авторы мұндай жағдай қалыптаспас үшін, Қазақстан мұнайы мен түрлі-түсті металдарының кімге және қандай жолмен сатылып жатқандығын ашық айту керек деген қорытынды жасапты.

Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетов “Наурызбанк” оқиғасынан кейін бірқатар тәуелсіз басылымдардың баста қаһарманына айналып үлгірді. “Сөз” газетінде жарық көрген Мақсат Мұратовтың мақаласында, осыдан бес ай бұрын мәжіліс депутаты Төлен Тоқтасыновтың Қазақстан Президенті әкімшілігінің жетекшісі Иманғали Тасмағамбетовтың “Наурызбанкті” қыспаққа алып жатқандығы туралы мәлімдеме жасауы, оның жабылуына себеп болды деген қорытынды жасалыныпты.

“Московский комсомолец в Казахстане” басылымының бейсенбілік санында жарық көрген мақалада “Наурызбанктің” салымшыларының банкке салған ақшаларынан айырылып қалуы мүмкін екендігі туралы болжам жасалыныпты. Мақалада келтірілген деректерге жүгінсек, бүгінгі таңда “Наурызбанкте” жеке тұлғалардың 1 миллиард 612 миллион теңгесі бар. Кепілдік қоры бұл соманың тек 981 миллион 974 мың теңгесін ғана қайтарып бере алады. Мақала авторы егер де мемлекет кіші-гірім банкке салған азаматтардың ақшасын толық қайтарып бере алмаса, ертеңгі күні ондаған миллиарда теңге қаржысы бар ірі қаржы институттары жабылып қалса не болуы мүмкін деген ой айтыпты.

“Мегаполис” апталығы бүгінгі таңда “Наурзыбанктегі” қалыптасқан күрделі ахуалды шешу үшін, ірі инвесторлардың іздестіріліп жатқандығын хабарлапты. Мақала авторының айтуынша, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі күрделі ахуалды ретке келтіру үшін “Наурызбанкке” техникалық несие беруден бас тартыпты.

“Қазақстан тудей” ақапарат агенттігі Алматы қалалық экономикалық сотында “Казкомерцбанктің” қызметтік репутациясын қорғап “Экспресс К” газетін сотқа беріп, одан моральдық шығын ретінде 10 миллион доллар талап еткендігіне қатысты, алғашқы тыңдаудың өткендігі туралы мәлімет таратты.

Ал, “Экспресс К” басылымының бұрынғы бас редакторы Игорь Шахнович “Время” газетіне берген сұхбатында “Экспресс К” газетіндегі “Казкомрецбанкке” қатысты жарық көрген мақалалардың “Еуразиялық” топ басшыларының тапсырысымен, Парламент сайлауының алдында арнайы жазылғандығын мәлімдепті. Игорь Шахновичтің айтуынша, “Казкомерцбанкке” қарсы мақалалар жоғарғы биліктегі адамдардың тапсырысымен жазылған.