Қазақстанның энергетика және минералдық ресурстар міністрі Владимир Школьник электр қуатының қымбаттайтындығын хабарлады

Қазақстанның энергетика және минералдық ресурстар міністрі Владимир Школьник электр қуатының қымбаттайтындығын қолдайтындығын хабарлады. Школьник айтып өткендей, электр қуатын өндіретін кәспорындарға қажет отын қымбатап жатыр. Ал шет елдерден алынатын жабдықтардың бағасы базар қатысушыларының барлығына бірдей
Школьник айтып өткендей, электр қуатының көтерілуі орынды. Ол басқа кәсіпорындарды электр қуатын үнемдеуге мәжбүр етеді, дейді Энергетика және минералдық ресурстар міністрі Владимир Школьник.

Энергетика және минералдық ресурстар міністрі Владимир Школьниктің айтуынша, кәсіпорындар үшін электр қуатының құны көтерілгенімен, тұрғындар үшін баға айтарлықтай өзгерістерге ұшырамайды. Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Бақытжан Сағынтаев түсіндіріп өткендей, заңды тұлғалар үшін баға сәл қымбаттау болады, сол арқылы тұрғындар үшін электр қуатының бағасы қатты көтерілмейді. Бірақ, жылдан жылға бұлай істеуге болмайды, дейді Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Бақытжан Сағынтаев:

- Халыққа тарифті көтермес үшін, бюджет, өндіріс саласы өсе береді. Ол өндіріске жылдан жылға салмақ түсе берсе, ертең біз өзімізде тұтынушымыз ғой, ертең ар жағынан кәсіпорындардан келген өнім бізге қымбат болып келеді.

«КЕGOC» акционерлік қоғамының президенті Қанат Бозымбаевтың айтуынша, ұлттық маңыздағы электр стансаларының энергоблоктарын қайта жарақтандыру ісін біртіндеп, кезең-кезеңімен жүзеге асыру үшін 2010 жылға дейін 345 миллион доллар инвестиция қажет. Сонда ғана маңызды энергоблоктардың жұмысы өніп, қуаты бір жарым есеге артатын болады дейді ол. «КЕGOC» акционерлік қоғамының вице-президенті Есберген Әбітаевтің айтуынша, электр қуатын тарату компаниясындағы жабдықтар жаңартылып жатқанымен электр қуатын таратушы электр желілері компанияларында бұл жұмыс қаржы тапшылығына байланысты тоқтап қалған:

- Электр стансаларындағы жэәне электр желілеріндегі техника ескіріп келеді. Ол 20-30 жыл кейбіреуі 40 жыл бұрын салынған стансалар. Содан кейін жергілікті жылу электр желілерінде бұл мәселе әлі шешілген жоқ.

«КЕGOC» президентінің айтуынша, 2003 жылы бірінші рет Қазақстанның ұлттық электр желісі арқылы Орталық Азиядан Ресейге 900 миллион киловатт/сағат көлемінде электр энергиясының транзиті жүзеге асырылды. «Соның негізінде Қазақстанның электр энергетикасы экспортқа бағытталған салаға айналып, елдің ұлттық электр желісінің өткізгіштік әлеуеті ұлғая бастады. Бұл мүмкіндікті алдағы уақытта да дамыта беру қажет», дейді Қанат Бозымбаев. Ал, Қазақстанда келесі жылы жаңа электр желісі салынады деп хабарланып отыр. Қызылорда облысының электр қуатын таратушы электр желілері компаниясының президенті Жомарт Көшербаевтің айтуынша, бұл жұмыстарға кететін қаражаттың бір бөлігін тұтынушылар төлейді:

- Оңтүстікпен солтүстікті қосатын жаңа желі салынады. Жаңа қондырғылар жаңа электр стансалар салынады. Тарифтің құрамында инвестицияның қосымша бөлігі болады.

Қызылорда облысының электр қуатын таратушы электр желілері компаниясының президенті Жомарт Көшербаевтің айтуынша, электр қуатының бағасын тұрақтату шаралары да жүргізіліп жатыр:

- Бұрын электр стансалары қуатты бір жерден сатып алып, аймақтағы бір компанияға тағы сатып сөйтіп отырды. Делдалдар жүретін, ол мәселе алынып тасталды. Электр стансалары қуатты бір жерден сатып алып, ауданға сату керек. Олда бағаның өспеуіне әсер ету керек.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, тұтынушылар өздеріне жетпей, жолда ұрланған электр қуаты үшін де төлеуге мәжбүр:

- Жүйемен электр желісімен келе жатқан кезде, оның бойында шығындар болады. Ұрлайды, басқа қылады. Соның орнын кішкене толтыру үшін, соның бір бөлігі тарифке кіреді.

Энергетиктердің республикалық мәжілісінде электр қуатының қашан және қаншалықты қымбаттайтындығы нақтыланған жоқ. «Азаттық радиосы үшін, Астанадан Бауыржан Шаяхмет